Бүгінде бірін театр сахнасынан, бірін кинодан, енді бірін ән кештерінен көреміз. Ал олардың кейбірі өнерге бірге қадам басып, бір ұстаздан тәлім алған. Әлеуметтік желіде тараған курстастар тізімі осы таныстықтарды қайта еске салды, деп хабарлайды Malim.kz. Дулыға Ақмолда мен Алмат Сақатовты, Төреғали Төреәлі мен Асылхан Төлеповті студенттік шақ қалай байланыстырған?
Тұңғышбай Жаманқұловтың курсынан шыққан танымалдар
Дулыға Ақмолда, Алмат Сақатов, Қуандық Шәкіржанов, Әбілнасыр Серіков, Асылбек Боранбаев, Нұржан Тұт, Гүлшат Тұтова, Дәрия Жүсіп, Шынар Асқар және Бақыт Әліпбаева – курстастар. Бұл есімдерді Гүлшат Тұтова 2025 жылы "Жастар жанары" порталына берген сұхбатында өзі атаған. Актриса Тұңғышбай Жаманқұловтың курсында білім алғанын да айтқан.
Бірге оқыған өнерпаздардың кейін шығармашылық жолдары әр арнаға бұрылды. Дегенмен көрермен олардың есімдерін театр, кино және әзіл өнері арқылы жақсы біледі. Мәселен, Дулыға Ақмолда театрдағы рөлдерімен қатар "Тамаша", "77 күн" секілді тележобаларға қатысып, дубляж саласында да еңбек еткен. Қазақ радиосының өмірбаяндық мәліметінде оның 1993 жылы театр және кино актері мамандығын тәмамдағаны көрсетілген.
Бір курста оқып, шаңырақ көтерген жұп
Осы курста Гүлшат Тұтова болашақ жары Нұржанмен танысқан. Актрисаның айтуынша, Нұржан олардың қатарына әскерден оралған соң қосылған. Екеуі үшінші курсты аяқтап, төртінші курсқа көшкен тұста отау құрған.
Студенттік шақтан жалғасқан тағы бір жақындық – Гүлшат пен Бақыт Әліпбаеваның достығы. Олар талапкер болып келген кезден бір бөлмеде тұрып, кейін де араласуын үзбеген. Актриса сол сұхбатында курстастарымен бірге өсіп, өнерге келгенін мақтанышпен еске алған.
Қуандық пен Бақыттың тандемі
Қуандық Шәкіржанов пен Бақыт Әліпбаеваны көпшілік сахнадағы жарасымды әріптестер ретінде таниды. Олардың таныстығы да студенттік жылдардан басталған. Кейін екеуі "Бауыржан шоу" арқылы көрерменге кеңінен танылды.
Бақыт Әліпбаева ERNUR.KZ порталына берген сұхбатында театр жұмысы тоқтағаннан кейінгі кезеңді еске алған. Сол кезде Қуандық екеуіне бірігіп театр ашуды ұсынған екен. Актриса кейін ұстаздыққа бет бұрып, 2013 жылы Жүргенов академиясының колледжіне жұмысқа орналасқанын, "Сахна тілі" пәнінен сабақ бергенін айтқан. Осылайша курстастық таныстық ұзақ жылғы шығармашылық серіктестікке ұласқан.
Төреғали, Асылхан, Аян: колледждегі "жұлдызды топ"
Төреғали Төреәлі, Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Анар Батырхан және Алтынай Жолдыбаева да бірге оқыған. НТК арнасының 2018 жылғы материалында олардың колледжде бір топта білім алғаны жазылған.
Анар Батырхан бұрынғы сұхбаттарының бірінде өздерін студент кезден "жұлдызды топ" деп атағанын еске алған. Оның айтуынша, Төреғали сол кездің өзінде айтысқа, концерттерге қатысып, сабақтан жиі қалатын. Бірақ ортақ кештерде домбырасын алып, табан астында арнау айтып, курстастарына көмектесетін. Актриса оның суырыпсалмалығын ерекше атап өткен.
Асылхан мен Анардың таныстығы мектептен басталған
Бұл топтағы Асылхан Төлепов пен Анар Батырханның таныстығы колледжден де ерте басталады. Анар НТК арнасына берген сұхбатында екеуінің бірінші сыныптан бірге өскенін айтқан.
Олар мектепте "Асыл мұра" театрына қатысып, актер болуды армандаған. Кейін өнер оқу орнына түсіп, сол армандарын бірге жалғастырған. Сондықтан бұл екеуін курстастықпен қатар бала күннен келе жатқан достық та байланыстырады.
Студенттік шақты бейнебаянға айналдырған
Бұрынғы курстастардың оқу орнына қайта жиналған кезі де болған. 2016 жылы Төреғали Төреәлі студенттік өмір туралы бейнебаян түсіріп, оған бірге оқыған достарын шақырған.
Ал Baribar.kz жариялаған материалда түсірілімге Алтынай Жолдыбаеваның да қатысқаны жазылған. Сол кезде Асылхан Төлепов Төреғалидің сабаққа кешігіп келетінін, бірақ сөзге шешендігімен, өлең шығарып, жағдайдан жол табатынын еске алған. Студенттік жылдардың осы мінездері кейін бейнебаянның оқиғасына да арқау болған.