Kalifarniya деген атта Фархат Қалиевтің аты-жөні жасырын тұр. Ademi атауын Динара Қайыроваға атасының еркелетіп айтқан сөзі ұсынса, Скриптониттің есіміне Супермен туралы сериал түрткі болған. Malim.kz сегіз қазақстандық өнерпазды жұрт басқа атпен қалай танығанын шолып шықты.
Kalifarniya атауындағы "Кали" мен "Фар"
Kalifarniya деген атты естігенде АҚШ-тағы Калифорния штаты еске түседі. Фархат Қалиев те атаулардың үндесетінін айтады. Ал сахналық есімнің қалай құралғанын ол НТК арнасының "Ревю" бағдарламасында түсіндірген. Әнші Қалиев деген тегінен "Кали", Фархат деген есімінен "Фар" буындарын алып, соңына "ния" қосқан.
Оның алғашқы хиттерінің бірі "Jurip Kelatasyn" 2020 жылдың наурызында шықты. Кейін "Qar", "Аспан", "Роза" секілді әндері де тарады. Бір қызығы, 2022 жылғы сұхбатында жүргізуші әндерін білетін жұрт түрін де тани ма деп сұрағанда, Фархат өзін әлі көп адам тани бермейтінін айтқан.
Димаш деп атауды әкесі әуелден ойлаған
Димаш Құдайбергеннің толық есімі – Дінмұхаммед. Анасы Светлана Айтбаеваның Otbasym басылымына берген сұхбатында бұл есімнің қалай қойылғаны айтылады. Бала дүниеге келмей тұрып, отбасының бір танысы сәбидің атын Мұхаммед қоюды ұсынған. Әкесі Қанат Айтбаев осы есімнің алдына ''Дін" сөзін қосайық деген.
Анасының айтуынша, әкесі баласының Дінмұхамедтей үлкен тұлға болуын тілеген әрі есімін қысқартып «Димаш» деп айтуға ыңғайлы болатынын сол кезде-ақ ескерген. Отбасында осылай аталған Дінмұхаммедті кейін шетелдік тыңдарман да Димаш деп таныды.
Ернар Садырбаев Әміренің есімін ырымдап алған
Ернар Садырбаев музыка мектебінде де, колледжде де өз есімімен оқыған. Сахнаға шыққанда ол Әміре Қашаубаевтың құрметіне Amre деген ат таңдаған. Өзі бұл шешімді көптен таныс есімге құрмет білдірумен және ырыммен байланыстырады.
"Әміре Қашаубаевтың құрметіне, ырымдап осылай лақап ат алдым. Басында қатты қорықтым", – деген әнші.
Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде қазақ әндерін орындаған. Сол сапарда оның даусы фонографқа жазылып қалған. Ал Ернар Садырбаев 2018 жылы Әміре деген атпен Витебскіде өткен "Славян базары" халықаралық байқауына қатысып, бірінші орын иеленді.
Атасының ''әдемі сары қызынан'' Dinaya-ға дейін
Динара Қайырова алғашқы сахналық атын іздегенде эстрадада Динара есімді бірнеше әнші барын ескерген. "Дина" тым қысқа естілген. Сөйтіп, бала күнінде үйдегілердің өзін қалай атағанын есіне түсіре бастайды. Әкесінің әкесі оны "әдемі сары қыз" деп еркелететін. Caravan басылымына берген сұхбатында әнші продюсерімен бірге сол тіркестегі "әдемі" сөзін таңдап, Ademi атанғанын айтқан.
Бірақ сахнада бұл атау әр жолы әртүрлі айтылып жүрді. Динараның Время басылымына айтуынша, есімін сұхбат кезінде де, концертте де жиі бұрмалаған. Өзі де Ademi атына үйренісе алмаған соң, 2018 жылы Dinaya деген жаңа есіммен шықты. Жаңа атқа жақындары күнделікті қолданатын "Дина" есімін кіргізген. Оның түсіндіруінше, Dinaya орыс тіліндегі "Дина я", яғни "Мен Динамын" деген тіркес сияқты естіледі.
Скриптонитке Супермен туралы сериал ой салған
Әділ Жәлелов сахналық атының тарихын 2018 жылы "GAZLIVE" бағдарламасында айтып берді. Бала кезінде ол Супермен туралы сериал көрген. Кейін өзіне ат іздегенде орыс тіліндегі "скрип" сөзі ұнап, әуелі соны қолданғысы келген. Содан соң сериалдағы криптонит есіне түсіп, екі сөзді қосып көрген. Скриптонит атауы осылай туған.
Лидоның атын продюсері ойлап тапқан
Лидия Досалина жеке әнші ретінде өнер көрсете бастағанда продюсері Эрик Тастембеков оған Lido деген ат ұсынған. Время басылымының жазуынша, ол Лидияның есіміндегі "Ли" мен Досалина тегіндегі "До" буындарын қосқан. Бұған дейін әнші "Капучино" және "СССР" топтарында ән айтқан.
Кейін Лидия әлеуметтік желідегі атын өзгертіп, әкесінің есімі Байронды қолдана бастаған. 2023 жылы ол Байронды өз тегі ретінде алғысы келетінін де айтты. Әншінің түсіндіруінше, Lido атауын басқа адамдар мен кәсіпорындар да қолданатындықтан, әлеуметтік желіде парақшасын растату кезінде осы есім кедергі болуы мүмкін деп ойлаған.
Кентал деген ат алты әріптен құралған
Кентал деген атпен танылған әнші – Талғат Кенжеболатов. Время басылымының жазуынша, сахналық есім тегі мен атының алғашқы үш әрпін қосу арқылы жасалған. "Кен" – Кенжеболатовтың, ал "Тал" – Талғаттың басы. Мұнда алдымен тегі, содан кейін есімі алынған.
Талғат 2006 жылы "SuperStar.KZ" жобасына қатысқан. Кейін көрермен оны "X Factor" және "Хочу к Меладзе" жобаларынан, бейнебаяндар мен кинодағы рөлдерінен де таныды.
Әйгерім Рақыш Ayree есімін өз аты-жөнінен жасаған
Ayree атымен ән айтатын Әйгерім Рақыш та сахналық есімін өз аты мен тегіне сүйеніп құраған. Бұл туралы El.kz жазады. Әйгерім кәсіби музыканттар отбасында өскен, музыка мектебінде он жыл домбыра сыныбында оқыған. Кейін музыкалық жобаларға қатысып, 2016 жылы "Show" әнімен жеке орындаушы ретінде таныла бастады.