Malim.kz
Шоу-бизнес

Бірінің тегі бөлек, бірінің өнері басқа: қазақ өнеріндегі ағайындылар

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Бірін әнінен, екіншісін кинодағы рөлінен танимыз. Бірақ өнердегі жолы бөлек көрінетін кейбір танымалдардың бір үйде өскен туған бауыр екенін біле бермеуіміз мүмкін. Бұл жолы қазақ өнеріндегі ағайындылардың туыстығы мен шығармашылық байланысына үңілдік, деп хабарлайды Malim.kz.

Рано Омарова мен Шоқан Маратұлы: есімдерінің де өз тарихы бар

Рано Омарованы тыңдарман "Дауыс International" тобы арқылы таныса, Шоқан Маратұлы "All Давай" құрамында танылды. Сахнада екі түрлі есіммен жүргенімен, олар – туған ағалы-қарындас.

Рано NEGE басылымына берген сұхбатында отбасына қатысты қызық деректі бөліскен. Оның айтуынша, әкелері ерте қайтыс болып, ағасы екеуі көбіне нағашыларының қолында өскен. Нағашылары Раноны Раушан, ал Шухрат есімді ағасын Шоқан деп атаған.

Есейгенде Рано өз есімін сақтауды жөн көрген. Ал ағасы бала күнінен құлағына сіңген Шоқан есімін таңдаған. Осылайша көпшілікке Шоқан Маратұлы болып танылған әншінің сахналық есіміне нағашыларының ықпалы болған.

Рано ағасы туралы әңгімелегенде оның қамқорлығын да атап өткен. Шоқан алғаш әке атанар алдында қарындасы оның жақсы бауыр екенін айтып, әкелік міндетін де жақсы атқаратынына сенім білдірген.

Дидар мен Ұланғасыр Қамиев: бір үйден шыққан айтыскер мен хит орындаушы

"Қызыл раушан" әнімен танылған Ұланғасыр Қамиев – айтыскер ақын Дидар Қамиевтің туған інісі. Ағасын айтыс арқылы, інісін эстрададан таныған тыңдарман үшін олардың шығармашылық байланысы да қызық.

Ұланғасыр сұхбатында отбасында төрт ұл өскенін айтқан. Ағаларының есімдері – Қабділманап, Дидар және Айдар. Өзі – үйдің кенжесі.

Оның айтысқа келуіне Дидар ағасы тікелей себеп болған. Дидар екі інісін оқушылар айтысына дайындап, айтатын сөздері мен мақамын үйреткен. Алайда жарысқа бір күн қалғанда Айдар қатысудан бас тартады. Ұланғасыр болса, дайындықтан таймай, алғашқы айтысының өзінде финалға жетіп, екінші орын алған.

Кейін ол он жылдай айтыспен айналысып, кино саласында да бағын сынаған. Әншілікке содан соң бет бұрған. Демек, жұрт хит орындаушы ретінде таныған Ұланғасырдың сахнадағы алғашқы мектебі – ағасының жанындағы айтысқа дайындық болған.

Әділ мен Әшім Ахметов: киноға інісі бұрын түскен

Әділ Ахметов пен Әшім Ахметов – туған ағалы-інілі актерлер. Әділді көрермен "Анаға апарар жол", "Томирис" фильмдері арқылы жақсы біледі. Әшім де тарихи және заманауи киножобаларда түрлі рөл сомдаған.

Қызығы, киноға алғаш қадам басқан – інісі. Әшім бала кезінде "Көшпенділер" фильміне түскен. Әділ осыны сұхбатында әзілге айналдырып, киноға келгенде інісінің ізін басып жүргенін айтқан.

Ал театрға қызығуына ағасының әсері болған. Әшім "Егемен Қазақстанға" берген сұхбатында Әділ өнер академиясында оқып жүргенде сол жерге жиі барғанын жеткізген. Оқушы кезінен көрген дайындықтар мен шығармашылық орта оның актерлікке ықыласын оятқан.

Дегенмен Әшім мамандықты өз қалауымен таңдағанын атап өтеді. Оның айтуынша, отбасында өнерге құрмет ерекше болған. Әкелері ұлдары туралы газетке шыққан дүниелерді жинап, мұрағат жасап отырған. Сол жинақтар әлі күнге дейін үйде сақтаулы.

Асқар мен Аңсар Ілиясов: ағасы түсірілім алаңына шақырған

Асқар Ілиясовтың інісі Аңсар да актерлік жолды таңдаған. Жас көрермен оны әсіресе "SHEKER" жобасындағы Алдик рөлі арқылы таниды.

Аңсардың киноға келуі бірден басты рөлден басталмаған. Ол WE Project басылымына берген сұхбатында 2020 жылы туған ағасы Асқардың Алматыға шақырғанын айтқан. Ағасының ойы – інісіне түсірілім алаңынан жұмыс табуға көмектесу болған.

Алматыға келгеннен кейін бірнеше күн ішінде Аңсар жұмысқа кіріскен. Алғашында түсірілім тобына көмектесіп, қоюшы суретшінің ассистенті болған. Кейін "SHEKER" жобасының актерлік сынағына қатысуға ұсыныс алған.

Осы жоба оның жолын ашып, көрерменге танытқан. Аңсар ағасының кәсіби таңдауына үлкен ықпал еткенін жасырмайды. Бала кезінде Асқарға ұқсағысы келсе, есейгенде мамандыққа саналы түрде қарай бастағанын айтады.

Шәкен Айманов пен Кәукен Кенжетаев: тегі бөлек туған бауырлар

Қазақ өнеріндегі тегі бөлек ағайындылардың бірі – Шәкен Айманов пен Кәукен Кенжетаев. Екі тұлғаның әкесі – Кенжетай. Отбасында Әбдікәрім, Шәкен және Кәукен есімді үш ұл өскен.

Шәкен Айманов есімі қазақ киносымен тығыз байланысты болса, Кәукен Кенжетаев әншілік, актерлік және ұстаздық жолда еңбек еткен. Ағасы Айманов тегін иеленсе, інісі әкесінің есімімен Кенжетаев болып жазылған. Тектерінің екі түрлі болуы олардың туған бауыр екенін бірден аңғартпайды.

Кәукен ағасы туралы естеліктер де қалдырған. Сол жазбаларында Шәкеннің бала күнінен ойын-сауыққа жақын болғанын, ауыл адамдары оған ән айтқызып, тақпақ оқытқанын еске алады. Кейін Кәукен Кенжетаев пен Рақымбай Сатаевтың құрастыруымен "Шәкен Айманов туралы естеліктер" кітабы жарық көрген. Осылайша інісі ағасының өнердегі ғана емес, өмірдегі бейнесін де кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлес қосқан.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары