Malim.kz
Құқық

Бішкекте қолдан доллар жасап сатқан екі қазақстандық сотталды

Айбын Атабай
Bizmedia.kz

Бішкекте жалған доллар сатқан екі қазақстандық сотталды, - деп хабарлайды Malim.kz Кaktus.media-ға сілтеме жасап. 

Тергеу мәліметінше, Е. мен Ж. есімді қазақстандықтар 2023 жылғы желтоқсанда Бішкекте төрт жергілікті тұрғынға өткізу үшін жүз долларлық банкноттармен 70 мың жалған доллар берген. Олар өз кезегінде бұл ақшаны банктер мен айырбастау пунктерінде аз-аздан нақты купюраларға айырбастаған. Жалған ақшаның бір бөлігін олар өткізіп үлгерген.

Алаяқтық құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмады. Қылмыстық схеманыға қатысы барлар ұсталды.

Бірінші май аудандық сотының үкімімен Е. есімді қазақстандық Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, ірі көлемдегі ақшаны және бағалы қағаздарды қолдан жасау" бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған жалпы режимдегі түзеу колониясында бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Рақымшылық бойынша мерзімнің өтелмеген бөлігі үштен бірге қысқартылды.

Оның отандасы Ж. да алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, ірі көлемдегі ақшаны қолдан жасау қылмысы бойынша кінәлі деп танылды. Оған жалпы режимдегі түзеу колониясында бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Рақымшылық туралы баптың негізінде мерзім үштен бірге қысқартылды.

Схемаға қатысқан қырғызстандықтар да қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына 50 мың сом (шамамен 264 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Бішкек қалалық сотының қылмыстық істер және құқықбұзушылықтар жөніндегі сот алқасы жазасын өтегеннен кейін қазақстандықтарды Қырғызстан аумағынан шығару туралы шешім шығарды.

Қазақстандықтар апелляциялық шағым түсірді, бірақ бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары