Қазақстанда биыл 215 мың оқушы 11-сыныпты аяқтайды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 2025-2026 оқу жылында елімізде 3,9 миллион оқушы білім алған. Оның ішінде 343 мың оқушы 9-сыныпты, ал 215 мың түлек 11-сыныпты тәмамдап отыр.
Биыл «Алтын белгіге» 13 175 оқушы үміткер, бұл жалпы түлектердің шамамен 6 пайызын құрайды. Сонымен қатар 11-сынып бойынша 18 555 оқушы, ал 9-сынып бойынша 31 181 оқушы үздік аттестат алуға үміткер.
Жұлдыз Сүлейменова техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы көрсеткіштерге де тоқталды. Оның мәліметінше, биыл 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алған. Оның ішінде 168 мың студент оқуын аяқтайды. Соның 50 мыңы жұмысшы біліктілігі бойынша, ал 47,4 мыңы дуалды оқыту жүйесі арқылы білім алған.
Министр сондай-ақ 25 мамырда еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында оқу жылының аяқталуына орай «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары!» тақырыбында бірыңғай тәрбие сағаттары өткенін айтты.