Malim.kz
Шоу-бизнес

"Біз туралы өсек-аяң көп": Сәкен Майғазиев Мақсат Базарбайға не айтты?

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz / ЖИ арқылы өңделген

Әнші Сәкен Майғазиев Мақсат Базарбайды 50 жасымен құттықтап, екеуінің арасындағы достық туралы жазды. Өнер иесі ел арасындағы өсек-аяң олардың сыйластығына кедергі болмағанын жеткізді, деп Malim.kz тілшісі әншінің Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сәкен Майғазиев жас күндерінде сахнада түскен суретін жариялап, бұрынғы әріптесіне ақ тілегін арнады. Ол көп жылдан бергі досымен қуанышта да, қиындықта да бір-біріне сүйеу болып жүргенін айтты.

"Ақ Мәкем, біз туралы өсек-аяң көп. Ол біздің берік достығымызға кедергі емес. Қуанышымызда да, қиындығымызда да бір-біріміздің қасымыздан табыла білетініміз бірінші АЛЛАға, сосын бізге аян. Сызат түспеген сыйластығымыз тағы елу жылға жалғассын!"– деп жазды әнші.

Майғазиев мерейтой иесіне отбасылық амандық пен шығармашылық шабыт тіледі.

"50 жасың құтты болсын, досым! Отбасыңа амандық, шығармашылығыңа шабыт тілеймін. Құшақтадым!" – деп түйіндеді ол.

Әнші жазбасында қандай әңгімелерді меңзегенін нақтыламаған. Дегенмен Мақсатпен арадағы достығының берік екенін атап өтті.

Сәкен Майғазиев кім?

Сәкен Қордабайұлы Майғазиев – әнші, "МузАРТ" тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1975 жылғы 1 қаңтарда қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданында дүниеге келген.

Өнер иесі "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Әншілікпен қатар тележобаларға қатысып, жас орындаушыларға тәлімгерлік етіп келеді. Мәдениет саласында басшылық қызметтер де атқарған.

Мақсат Базарбай кім?

Мақсат Базарбай – эстрада әншісі, "МузАРТ" тобының алғашқы құрамында өнер көрсеткен орындаушылардың бірі. Ол 1976 жылғы 14 қарашада Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Кенен Әзірбаев атындағы ауылда дүниеге келген. Биыл әнші 50 жасқа толды.

Өнер жолында "Бауыржан шоу" театрында әнші әрі актер болып еңбек еткен. 2001 жылы Сәкен Майғазиев және Мейрамбек Беспаевпен бірге "МузАРТ" тобын құрып, көпшілікке танылды. 2005 жылы топтан кетіп, жеке шығармашылыққа бет бұрды. Тыңдарманға "Дүнген қызы", "Әселім", "Қазақ қызы" секілді әндерімен таныс.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары