Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Жарыссөз барысында айыпталушы Ерболат Жанәбілов өзіне және жұбайына тағылған айыптарға қатысты пікір білдіріп, ешкімді алдамағандарын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның сөзінше, өздері ұйымдастырған ұтыс ойындары қылмыстық іске ұласатынын білсе, мұндай қадамға бармас еді.
Соттағы сөзінде Ерболат Жанәбілов алаяқтықпен айналыспағандарын мәлімдеді. Ол әлеуметтік желі мен медиада тараған «40 пәтер» туралы әңгімеге де тоқталды.
«Біз алаяқтықпен айналысқан жоқпыз, ешкімді алдамадық. Мұны құрметті прокурор да атап өтті. Адамдар мен журналистер бізде 40 пәтер бар деп жазып жатыр. Әумин. Сіздерде де 40 пәтер болсын. Әрқайсыңызға 40 пәтер тілеймін. Бай болыңыздар», – деді блогер.
Оның айтуынша, сотқа барлық қажетті құжат тапсырылған. Сондай-ақ қолдағы мүлік пен көліктерге қатысты мәліметтердің бәрі көрсетілген. Жанәбілов бұл жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін екенін айтып, сот залында тұрудың өзі үлкен психологиялық қысым екенін жеткізді.
«Осында осылай тұрудың өзі қорқыныш, эмоция, алда не болатынына деген алаңдаушылық тудырады», – деді ол.
Блогер жарыссөз кезінде өздерінің бұл іске шын өкінетінін де айтты. Оның сөзінше, сегіз айға созылған тергеу мен сот процесі отбасы үшін ауыр сынақ болған.
«Егер мұның соңы қылмыстық іске алып келетінін білсек, бұл ұтыс ойындарын ешқашан бастамас едік. Біз сегіз ай бойы осы қысыммен өмір сүріп келеміз», – деді Ерболат Жанәбілов.
Сотталушы бұған дейін де басқа блогерлер осындай ұтыс ойындарын ұйымдастырғанын, алайда неге дәл өздері қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын түсінбейтінін айтты.
«Неге дәл біз? Басқа да отбасылық блогерлер болды, олар да конкурстар, ұтыс ойындарын өткізді. Бірақ бүгін сот алдында біз тұрмыз», – деді ол.
Ерболат Жанәбіловтің айтуынша, қоғам мен әлеуметтік желідегі қысым тек өзіне ғана емес, оның жақындарына да әсер еткен. Ол ата-анасы мен балалары үшін алаңдайтынын жасырмады.
«Бізден шоу, цирк жасап жіберді. Халық бақылап отыр, талқылап жатыр. Ата-анамыз мұның бәрін оқиды. Балаларым көріп қоя ма деп қорқамын», – деді блогер.
Сондай-ақ ол бұл жағдай өзінің психологиялық ахуалына ауыр соққы болғанын жеткізді.
«Күндіз де, түнде де ұйқы жоқ. Депрессиялық күйдемін. Балаларыма бұрынғыдай позитив сыйлау да қиын болып кетті», – деді ол.
Жарыссөзде Эльмира Төлегенова да сөз сөйлеп, соттан өзіне және жұбайына бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы көзіне жас алып, болып жатқан оқиғаға шын өкінетінін айтты.
«Мүмкін, «біз өкінеміз» деп айту оңай шығар. Бірақ соның ішінде өмір сүру мүлде басқа нәрсе. Егер мұның бәрі осындай жағдайға алып келетінін білсек, біз мұны бастамас едік», – деді Эльмира Төлегенова.
Ол өз сөзінде заңсыз кәсіпкерлік бойынша кінәні мойындайтынын, алайда қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастырды деген айыппен келіспейтінін атап өтті.
«Бізде ақшаны жасыру немесе жымқыру ниеті болған жоқ. Ол қаражат компанияның есепшотында тұрды. Маған да, жұбайыма да бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдануды сұраймын», – деді ол.
Төлегенова бұл істі тек айыпталушы ретінде емес, ана және жар ретінде де ауыр қабылдап отырғанын айтты.
«Маған тірек болатын, ішкі жан дүниемді түсінетін адам – тек жолдасым. Тіпті маған жамандық тілеп жүрген адамдарға да мұндай жағдайды тілемеймін», – деді блогер.
Сот жарыссөзінен кейін блогерлер журналистердің сұрағына да жауап берген. Эльмира Төлегенова Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша кінәні бастапқыдан мойындағандарын, бірақ әкімшілік хаттамаға қол қойған күннің өзінде қылмыстық қудалау бәрібір басталатыны айтылғанын мәлімдеді.
Адвокат Ғауһар Айтжанова бұл іс блогерлердің танымалдылығына байланысты әдейі қылмыстық деңгейге жеткізілді деген пікірмен келіспейтінін айтып, соттан әділ шешім күтетінін жеткізді.
Айта кетейік, 22 сәуір күні Астана сотында Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот тергеуі аяқталды. Прокурор жарыссөз кезінде блогерлерге нақты мерзім сұраған. Іс бойынша сот жарыссөзі аяқталған, енді ерлі-зайыпты соттағы соңғы сөзін айтады.