Malim.kz
Құқық

Блогер Әділетхан Молдахан 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды

Айбын Атабай
Фото: ашық дереккөз

Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатына қатысты әлеуметтік желіде жариялаған видеосына байланысты айыпталған заңгер-блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Malim.kz.

Сот Әділетхан Молдаханды Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған бес жыл бойы әлеуметтік желілерде ақпарат жариялауға тыйым салынды.

Аталған бап бойынша айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бас бостандығын шектеу сияқты балама жаза түрлері де қарастырылған. Алайда сот нақты жағдайда бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Іс материалдарына сәйкес, Әділетхан Молдахан бұған дейін, 2023 жылы қарақшылық қылмысы үшін шартты түрде үш жылға сотталған. Осы оқиғадан кейін ол полиция органдарындағы қызметінен теріс себептермен босатылған.

Кейін заңгерлік қызметпен айналысып, әлеуметтік желілерде танымал блогерге айналған Молдахан Әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан кейін кәсіпкер Александр Пакқа қатысты іс бойынша Алматы полиция департаментінің бұрынғы лауазымды қызметкерлеріне қатысты бірқатар мәлімдеме жасаған. Осыған байланысты Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев құқық қорғау органдарына арыз түсірген.

Сот барысында Әділетхан Молдахан өз мәлімдемелерін дәлелдей алмағанын айтып, кінәсін мойындады және істі медиация тәртібімен аяқтауды сұрады. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмай, істі жалпы тәртіппен қарады.

Еске салсақ, блогер 2026 жылғы 31 наурызда қамауға алынған болатын. Кейін оған Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты жариялаған видеосы арқылы көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылғаны белгілі болды.

Жол апаты туралы

2026 жылғы 21 наурызда Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. Тергеу мәліметінше, Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Zeekr жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Оқиғадан кейін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Артынша полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.

2026 жылғы 22 маусымда осы жол апатына қатысты сот үкімі жарияланып, Zeekr көлігінің жүргізушісі Александр Пак адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары