Malim.kz
Шоу-бизнес

"Бойкот деген халыққа өкпелеп қалып ем": Қайрат Нұртастың гитарисі сынға қалды

• Мадина Ізекен
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Танымал әнші Қайрат Нұртастың гитарисі Ақсұңқар Жүнісбаев әлеуметтік желідегі жазбасымен жұрттың наразылығын туғызды. Музыкант концерт кезінде көрермендердің қиналғанын айтып, көпшіліктің сынына ұшырады, деп хабарлайды Malim.kz.

Ақсұңқар Жүнісбаев Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында концерттен алған әсерімен бөліскен. Ол сахнада өзін еркін сезінгенін айтып, көрермендердің жағдайына қатысты пікір білдірген.

"Ең рақат жұмыс менікі ме деп қалдым. Қысылмай, сахнада емін-еркін гитараммен... Адамдарға жаным ашып кетті. Бір жағы карма рөл ойнап кетті. "Бойкот" деген халыққа өкпелеп қалып ем былтыр. Бірақ оны өзім ұмытып кеткенмін. Құдай бүгін маған халықтың қиналғанын көрсетті", – деп жазған музыкант.

Сондай-ақ ол халықты жақсы көретінін айтып, ешкімді ренжіткісі келмейтінін жеткізген.

Алайда гитаристің бұл жазбасы желі қолданушыларына ұнамаған. Көпшілік оның көрермендер қиын жағдайға тап болған сәтте мұндай пікір білдіруін орынсыз деп бағалаған. Кейбірі музыканттың сөзін халыққа деген құрметсіздік ретінде қабылдаған.

Желіде сын күшейгеннен кейін Ақсұңқар Жүнісбаев көпшіліктен кешірім сұрап, ойын дұрыс жеткізе алмағанын мойындады.

"Кешіріңіздерші. Менікі айып болды. Шынымен сіздерді қатты жақсы көремін. Негізі өмірде араласып көрсеңіздер, қарапайым адаммын ғой. Сәл сөз құрай алмайтыным бар, мойындаймын! Ойымды дұрыс жеткізе алмай, осылай таяқ жеп жүремін", – деп жазды ол.

Осылайша, музыкант жазбасының жұртқа ауыр тигенін түсініп, өз сөздері үшін кешірім өтінді.

Еске сала кетейік, 10 қазанда Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концерті кезінде көрермендер арасында кептеліс болғаны хабарланған еді. Оқиға салдарынан 18 жастағы қыз зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен қыздың жағдайы ауыр деп бағаланған.

Мадина Ізекен
Автордың басқа материалдары