Malim.kz
Шоу-бизнес

"Тарихи оқиға!": Ерке Есмахан Парижде неге ерекше қуанды?

• Алуа Әшірбекова
Фото: Instagram - erke_esmahan

Әнші Ерке Есмахан жұбайы RaiM-мен Парижге барып, сапарынан әсерлі сәттерді бөлісті. Өнер иесі француз астанасында Селин Дионның концертіне қатысып, сүйікті әншісін көргеніне қуанышты екенін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ерке Есмахан Instagram парақшасында жұбайымен дәмханада отырған видеосын жариялаған. Жазбасына "Париж. Кофе. Круассан" деп сипаттама беріп, ерлі-зайыптылар арасындағы сезім туралы ойын қоса жазды.

"Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат — таусылмайтын әңгіме!" – деді әнші.

Сапар барысында Ерке Селин Дионның Париждегі концертіне де барған. Әлемдік жұлдыздың өнерін тамашалаған қазақстандық әнші бұл кешті өзі үшін ерекше оқиғаға балаған.

"Еуропадағы ең маңызды, тіпті тарихи оқиға! Селинді көзбен көріп, тірідей тыңдағаныма қуаныштымын! Осы жерде болғаныма бақыттымын! Шүкір!" – деп жазды ол.

Еркенің айтуынша, денсаулығына байланысты ұзақ уақыт ән айтпаған Селин Дион алты жылдық үзілістен кейін Парижде үлкен концерттік бағдарламасын ұсынып жатыр. Қазақстандық өнер иесі оны "аңыз" деп атап, сахнаға оралғанына қуанышын білдірген.

Жазбасының соңында әнші жұбайы RaiM-ді белгілеп, "Барлығы үшін рақмет!" деп алғыс айтқан.

Ерке Есмахан кім?

Ерке Есмахан — қазақ эстрадасының әншісі. Ол 1984 жылы 30 қарашада Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында дүниеге келген. Кәсіби сахнадағы жолын 2009 жылы "Іңкәр" тобында бастаған. Кейін жеке орындаушы ретінде танылып, "Қайда?", "KZ жігіт", "Еркеге ғашық" әндері арқылы көпшілікке кеңінен таныла түсті.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары