Malim.kz
Саясат

«Бос әңгімені доғару керек: Үкімет басшысы министрлерге нақты іспен айналысуды тапсырды

Сабина Асқарқызы
ҚР үкіметінің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында ірі өнеркәсіп және инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырып, барлық салаға жасанды интеллектіні енгізу керегін айтты, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап. 

«Қазіргі жаһандық экономикалық және геосаяси ахуал барлық елдерге әсер етіп отыр. Біз жылдың соңына дейін 5%-дан жоғары деңгейде  орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу үшін  бар күшімізді жұмылдыруымыз қажет. Шикізаттық емес секторда  тұрақты өсім байқалып отыр. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 8,5%-ға өсті. Аталған оң үрдісті жалғастыра отырып, қолдағы барлық резервтерді толық пайдалану керек. Бәсекелестік күннен күнге күшейіп келеді. Бос әңгімені доғаратын уақыт келді. Нақты іспен айналысу керек. Ірі өнеркәсіп және инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырып, барлық салаға жасанды интеллектіні енгізу керек. Қаржылық тәртіпті қатаң сақтап, әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру қажет. Қазіргідей бәріне бірдей емес, мемлекет шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана қолдау көрсетуге тиіс», - дейді Бектенов.

Оның айтуынша, инфляцияны бақылау  және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын, сондай-ақ макроэкономикалық тұрақтандыру  және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі  бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау қажет.

«Ең бастысы, маңызды бағыттарда, соның ішінде азық-түлік өнімдерін шығаратын қолданыстағы өндірістерді локализациялау деңгейін арттырып, кеңейту қажет.Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығында өнімділікті ұлғайтып,  жылыжай,  көкөніс және сүт өндірісін кеңейту,  сондай-ақ қайта өңдеу деңгейін тереңдету бағытында  қосымша шаралар қабылдасын.Сауда министрлігі көтерме-тарату инфрақұрылымын дамыту,  заманауи сақтау және логистика қуаттарын құру жұмыстарын жандандырсын.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуін тежеуге тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауды жалғастыру қажет. Сондай-ақ Сауда министрлігі өңірлермен бірлесіп,ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру,  делдалдық схемаларды анықтау  және цифрландыру арқылы  жеткізу тізбектерін қадағалау жұмыстарын күшейтсін», - деді Бектенов.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары