Malim.kz
Экономика

Бозымбаев: Алатаудың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд долларға жетуі мүмкін

Айбын Атабай
Алматы облысы әкімдігі

Алатау құрылғаннан бастап қаланың әлеуетіне инвесторлардың қызығушылығы жоғары болып жатыр. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлім етті.

Соңғы 10 жылда әлемде инвестициялар, инновациялар және технологияларды тарту үшін мыңнан астам арнайы әкімшілік және экономикалық аймақ құру жарияланды. Бұл қалалар немесе аймақтар арасындағы бәсекелестік күн сайын артып келетінін көрсетеді. Алайда құрылған аймақтардың шамамен 60%-ы сәтсіз аяқталды. Таяу Шығыс пен Азиядағы жобаларды сәтсіз жүзеге асыруға құқықтық және салықтық дербестіктің болмауы, басқарудағы бюрократия, инфрақұрылымды дамытуға қаржының жетіспеушілігі, тәуелсіз сот жүйесінің әлсіздігі, құзыретті органдардың жарияланған салық жеңілдіктерінен қайта бас тартуы және жер учаскелерін инвесторлар мүддесіне әділетсіз алып қою мәселелері негіз болды. Осы себептерді назарға алмаған жағдайда инвесторлардың келмеу қаупі бар. Соңдықтан заң жобасын дайындау кезінде осы тәжірибелер мен қорытындыларды толық ескеру өте маңызды. Өйткені Алатау құрылғаннан бастап қаланың әлеуетіне инвесторлардың қызығушылығы жоғары болып жатыр, — деді Қанат Бозымбаев.

Осы орайда ол қазірдің өзінде де жалпы құны 1,8 трлн теңге болатын алғашқы 44 инвестициялық жоба қалыптастырылып және 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл қаланың ғылым, туризм, медицина және инновациялар орталығы ретінде дамытудың негізін қалайды. Олардың қатарына ірі әлемдік танымал компаниялар Mars, PepsiCo, Hyundai Green Food, Envision Energy, Khan Tengri Biopharma және екі индустриялық-логистикалық хаб, сондай-ақ ASP Аrena, К-Park сияқты туристік жобалар кіреді. Сонымен бірге заманауи Iconic Complex көпфункционалды кластері, көшбасшы KAIST Кореялық жоғары технологиялық университеті және пилотсыз ұшу аппараттар енгізу бойынша стратегиялық жобалары іске асырылатын болады.

— Сонымен қатар, қаланы инфрақұрылыммен қамтуды кезең-кезеңімен іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі жоспары бекітілді. Алға қойған мақсаттар іске асқан жағдайда, халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша 2050 жылға қарай қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд АҚШ долларына дейін жетеді деп күтілуде, — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары