Malim.kz
Құқық

БҚО-да бухгалтер 106 млн теңге бюджет қаржысын құмар ойынға жұмсап жіберген

Айбын Атабай
Коллаж: Canva

Батыс Қазақстан облысында сот ветеринарлық станцияның бас бухгалтерін сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп, жымқыру бойынша кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Malim.kz.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, тергеу органдары БҚО әкімдігінің ветеринария басқармасына қарасты Казталов аудандық ветеринариялық станциясының бас бухгалтері Б-ға бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену және ысырап ету (Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы) айыбын тақты.

Б. мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлға бола отырып, өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, 2021-2025 жылдар аралығында жалақы, сауықтыру жәрдемақысы және іссапар шығыстары түрінде бюджет қаражатын заңсыз әрі негізсіз жоғары мөлшерде аударып отырған.

Нәтижесінде ол 106 млн 647,070 мың теңге көлеміндегі бюджет қаражатын иемденіп, оны өзінің жеке мақсаттарына, соның ішінде букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға жұмсаған.

Сотталушының кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәлардың айғақтарымен, сарапшының қорытындысымен, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған заттай дәлелдемелермен толық дәлелденді.

Айыптаушы соттан Б-ға мүлкін тәркілей отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындауды сұрады.

Б. өз кінәсін толық мойындады.

- Казталов аудандық соты жасалған сыбайлас жемқорлық қылмысының мән-жайларын, өтелмеген аса ірі мөлшердегі келтірілген залалды ескере отырып, Б-ны 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүлкі тәркіленді. Оған қоса мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және басқа ведомстволарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сонымен қатар 105 млн 736,1 мың теңге мөлшерінде азаматтық талап-арыз қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - деп нақтылады БҚО сотының баспасөз қызметі.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары