Malim.kz
Құқық

БҚО-да прокуратураның араласуымен қандасымыз елден шығарылмайтын болды

Айбын Атабай
Gov.kz

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы елімізде ұзақ уақыт бойы тұрып жатқан азаматты ел аумағынан шығару туралы шешімнің күшін жойды, деп хабарлайды  Malim.kz sayasatlive.kz пен Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Осыған дейін аталған азамат көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен елден шығарылуы тиіс болған. Бұл шешіммен келіспеген ол қадағалау органына көмек сұрап жүгінген. Тексеру барысында оның «қандас» мәртебесі бар екені, 2011 жылдан бері Орал қаласында тұратыны белгілі болды. Сондай-ақ оның Қазақстан азаматшасымен некеде тұратыны және кәмелетке толмаған ұлы бары анықталды.

Осы мән-жайларды негізге алған облыс прокуратурасы бірінші сатыдағы сот қаулысының күшін жою туралы апелляциялық өтінішхат енгізді. Облыстық соттың апелляциялық алқасы прокуратураның ұстанымын қолдап, азаматты әкімшілік жауапкершіліктен босатты. Құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды.

Еске салайық, қолданыстағы заңнама бойынша қандастар мен ел аумағында отбасы бар тұлғалардың құқықтарын қорғауға басымдық беріледі. Прокуратураның араласуынан кейін 13 жыл бойы Оралда тұрып жатқан азаматтың Қазақстанда қалу мүмкіндігі сақталып қалды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары