Malim.kz
Шоу-бизнес

"Бүгін жігіттерде той": Мырзахан Маханов шаңырақ көтерді

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

"Жігіттер" тобының әншісі Мырзахан Маханов үйленді. Қуанышты жаңалықты оның әріптесі Бағлан Әбдірайымов әлеуметтік желіде бөлісіп, тойдан бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Әншінің шаңырақ көтергені туралы ақпарат 27 қазанда тарады. Бағлан Әбдірайымов жариялаған кадрларда Мырзахан Маханов пен қалыңдығының тойдағы сәттері көрсетілген.

"Бүгін жігіттерде той", – деп жазған Бағлан Әбдірайымов.

Қалыңдық туралы не белгілі?

Тойдан тараған бейнежазбаларда әншінің жұбайын көруге болады. Алайда аталған басылымдарда қалыңдықтың аты-жөні, мамандығы және екі жастың танысу тарихы туралы мәлімет берілмеген.

Желі қолданушылары жас жұбайларға бақыт тілеп, жылы пікірлерін қалдырған. Кейбір оқырмандар әншінің үйленгенін күтпеген жаңалық ретінде қабылдап, әзіл аралас лебіздерін білдірген.

Мырзахан Маханов кім?

Мырзахан Маханов – қазақстандық эстрада әншісі, "Жігіттер" квартетінің мүшесі. Ол 1984 жылы қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген. 2007 жылы Еркін Нұржановтың орнына топқа қабылданып, содан бері ұжым құрамында өнер көрсетіп келеді.

Әншінің өнерге қызығушылығы бала кезінен басталған. "Qazaqstan" телеарнасының "Бәрекелді" бағдарламасында ол әкесінен ерте айырылып, отбасының жауапкершілігі анасына түскенін айтқан. Тұрмыстық қиындықтарға байланысты жастайынан еңбекке араласып, дәмханаларда ән орындап, табыс тапқан. Музыкаға бейімділігін дамытып, ән өңдеуді де үйренген.

Кейін кәсіби сахнаға қадам басып, "Жігіттер" квартетімен бірге тыңдарманға танылды.

"Жігіттер" тобы қалай құрылды?

"Жігіттер" квартеті 2003 жылы Шымкент қаласында құрылған. Топтың қалыптасып, үлкен сахнаға шығуына продюсер Ерғали Әбдірайымов қолдау көрсеткен.

Ұжым алғашқы жылдары-ақ байқауларға қатысып, таныла бастады. 2003 жылы республикалық "Арай" байқауында екінші орын алып, Шәмші Қалдаяқов атындағы "Менің Қазақстаным" халықаралық байқауының бас жүлдесін жеңіп алған.

2005 жылы квартеттің "Ерке қыз" атты алғашқы үнтаспасы жарық көрді. Ал 2006 жылы Алматыдағы Республика сарайында осы атаумен тұңғыш жеке есеп беру концертін өткізді. Бұл деректер "Qazaqstan" телеарнасының материалында келтірілген.

Тыңдарманға топтың "Ерке қыз", "Туған жер", "Балқадиша", "Бақытты бол" секілді әндері таныс. Квартет репертуарында халық әндерімен қатар эстрадалық туындылар да бар. Мырзахан Маханов ұжымға қосылғаннан кейін топтың шығармашылық жолын әріптестерімен бірге жалғастырды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары