Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру кезінде отандық өндірушілерге басымдық беруді тапсырды. Үкімет басшысы Қазақстанда шығарылатын тауарларды шетелден сатып алуды мемлекет мүддесіне қайшы әрекет деп бағалады, деп хабарлайды Malim.kz.
Олжас Бектенов бюджеттен бөлінетін қаржы ең алдымен отандық өндірісті дамытуға бағытталуы керектігін атап өтті.
Премьер-министрдің айтуынша, мемлекет қаржысына жүзеге асырылатын жобаларға қазақстандық компаниялар тартылып, құрылыс материалдары мен қажетті тауарлар да мүмкіндігінше ел ішінде өндірілген өнімдерден алынуы тиіс. Үкімет басшысы бұл талаптың қарапайым әрі түсінікті қағидат екенін жеткізді.
"Жалпы қарапайым сөзбен айтатын болсақ, біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания қазақстандық болуы керек, олар ақшаға сатып алынатын материалдар, тауарлар қазақстандық болуы керек. Оп-оңай қағидат. Оны бәріміз ұстануымыз керек", – деді Олжас Бектенов.
Ол елде өндірілетін өнімдер бола тұра, сол тауарларды шетелден әкеліп сатып алуға қатысты да пікір білдірді. Премьер-министр мұндай тәжірибе отандық кәсіпорындардың дамуына кері әсер ететінін айтып, мемлекеттік қаражаттың ел экономикасына жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті.
"Ал егер Қазақстанда қандай да бір тауар өндірілетін болса, біз оны сатып алмай, импорттап алып келетін болсақ, ол мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекет. Оны үзілді-кесілді деп айту керек", – деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов бұл мәселені Үкімет мүшелері мен өңір басшыларының назарына арнайы салды.
"Үкімет мүшелеріне және өңір басшыларына айтатыным, ескеріңіздер", – деп ескертті премьер-министр.