Malim.kz
Шоу-бизнес

"Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік": Жанар Айжанова мемлекеттік марапатқа ие болды

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші әрі актриса Жанар Айжанова Республика күні қарсаңында "Құрмет" орденімен марапатталды. Өнер иесі қуанышты жаңалығын Instagram парақшасында⁠ бөлісіп, өзіне сенім артқан Мемлекет басшысы мен қолдау көрсеткен халқына алғыс айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Әншінің жазуынша, мемлекеттік награда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген. Марапатты оған Қазақстанның Вице-президенті Ерлан Қарин табыстаған.

"Бүгін мен Республика күніне орай Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен, Вице-президент Ерлан Қариннің қолынан “Құрмет” орденімен марапатталдым", – деп жазды Жанар Айжанова.

Өнер иесі барша қазақстандықты ұлттық мерекемен құттықтап, бұл марапаттың өзі үшін мәні зор екенін жеткізді. Ол көрсетілген құрметті алдағы еңбегіне артылған сенім деп қабылдайтынын айтты.

"Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік және де соған сай жүру жүгі бар міндет деп санаймын. Ізгі ниет-тілектеріңізге рахмет. Сонымен қатар өзім қатарлы бүгінгі марапат иелерін, әріптестерімді де шын жүректен құттықтаймын", – деді әнші.

Жазба астында әріптестері де жылы лебіздерін қалдырған. Әнші Роза Әлқожа оның өнерін жоғары бағалап, талай шаңырақта Жанардың әнін тыңдап ұл-қыз өскенін жазды.

Республика күні қарсаңында тағы қандай өнер иелері марапатталды?

Ұлттық мереке алдында мемлекеттік награда алғандардың қатарында музыка, театр және кино саласының белгілі өкілдері бар.

Композитор, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев "Отан" орденімен марапатталды. Ақорданың хабарламасында оның мәдениет пен өнерге қосқан үлесі, сондай-ақ "МузАрт" тобының елімізде және шетелде танылуына сіңірген еңбегі аталған.

Ал белгілі актер Нұржұман Ықтымбаев І дәрежелі "Барыс" орденіне ие болды.

Театр және кино актері Дәурен Серғазинге "Құрмет" ордені табысталды. Ол бұл марапатты өнердегі жиырма жылдық еңбегінің жемісі деп бағалаған.

Сондай-ақ Ақорданың ресми мәліметінде Тәуекел Мүсілімге "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілгені көрсетілген.

Жанар Айжанова кім?

Жанар Айжанова – қазақстандық әнші, актриса әрі тележүргізуші. Ол 1968 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген.

1995 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетін бітірген. 1991–2000 жылдар аралығында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында, "Адырна" фольклорлық-этнографиялық ансамблінде еңбек еткен.

Өнер жолын ауылдағы мәдениет саласынан бастаған. 1985–1986 жылдары Шалқар аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі қызметін атқарған. Кейін кәсіби сахнаға қадам басып, домбырамен ән айтатын орындаушы ретінде танылды.

Оның репертуарында "Мен қазақ қыздарына қайран қалам", "Әсем әнім сырнайдай", "Жігіттерге өсиет", "Қобызым", "Тобылғысай" секілді шығармалар бар. Әнші дәстүрлі әндерді де, эстрадалық туындыларды да орындайды.

Жанар Айжанова актерлік қырымен де көрерменге таныс. Ол "Аппақ келін" телехикаясына, "Отбасы" және Q-елі секілді жобаларға қатысқан. Тележүргізуші ретінде де жұмыс істеп, сұхбаттарында қай салада жүрсе де, домбырадан қол үзбейтінін айтқан.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары