Malim.kz
Денсаулық

«Бұл жаңа COVID-19 емес»: ДДСҰ хантавирусқа байланысты мәлімдеме жасады

Сабина Асқарқызы
Фото: Пьер Альбуи

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Испанияның Тенерифе аралына барып, хантавирус тіркелген кемедегі жолаушыларды эвакуациялау процесін бақыламақ, деп хабарлайды Malim.kz.

Мәліметке сәйкес, вирус таралуы анықталған Hondius экспедициялық кемесі бортында болған жолаушылар мен экипаж мүшелерін эвакуациялау жоспарланған. Алдын ала дерек бойынша, індеттен үш адам қайтыс болып, тағы алты адам вирус жұқтыруы мүмкін деген күдік бар. Жалпы саны 140-тан астам адам эвакуацияланады.

Кеме 7 мамырдан бері Канар аралдарына бағыт алып, 10 мамыр түні Тенерифеге жетуі тиіс.

Оқиғаға байланысты Тенерифедегі порт қызметкерлері лайнердің портқа кіруіне қарсы наразылық білдірді. Осыған байланысты Тедрос Адханом Гебрейесус әлеуметтік желіде жергілікті тұрғындарға үндеу жасап, олардың алаңдаушылығын түсінетінін айтты.

Оның сөзінше, кеме бортында вирус белгілері байқалған жолаушылар жоқ. Қазіргі тіркелген вирус - Андтық штамм. Бұл ауыр ауру түрі болғанымен, Тенерифе тұрғындары үшін жұқтыру қаупі өте төмен.

Сондай-ақ кемеде ДДСҰ маманы жұмыс істеп жатқаны, қажетті медициналық қорлар дайындалғаны хабарланды. Испания билігі жолаушыларды қауіпсіз түсіру жоспарын әзірлеген. Олар арнайы оқшауланған көлікпен тасымалданып, жергілікті тұрғындармен байланысқа түспестен, тікелей өз елдеріне жіберіледі.

«Сіздер олармен де, олардың отбасыларымен де байланысқа түспейсіздер», - деді Тедрос Адханом Гебрейесус.

Аймақтық билік экспедициялық кемеге тек жағалау маңында зәкір тастауға рұқсат берген. Жолаушыларды шағын қайықтармен жағаға жеткізіп, кейін әуежайға тасымалдау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайда хантавирустан бір адамның көз жұмғаны хабарланған еді. Ол жұмысқа бара жатқан автобус ішінде қайтыс болған. Осыдан кейін онымен бірге болған жолаушылар дәрігерлер бақылауына алынған.

Сарапшылардың айтуынша, хантавирус коронавирус секілді жаппай пандемияға айналмайды. Себебі вирус адамнан адамға сирек таралады.

«Халықтың коронавирус тәжірибесінен кейін алаңдауы түсінікті. Алайда хантавирус COVID-19 секілді індетке айналмайды», – дейді мамандар.

Дегенмен сарапшылар бұл дерттің коронавирусқа қарағанда ауыр болуы мүмкін екенін айтады. Аурудың алдын алу үшін кеміргіштермен күрес жүргізу маңызды екені атап өтілді.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары