Malim.kz
Құқық

Бұрынғы судья Светлана Жоламанова тағы бір қылмысы үшін сотталды

Айбын Атабай
instagram.com/zholmanova.svetlana

Сот 2026 жылы 11 ақпанда бұрынғы судья Светлана Жолманованы тағы бір қылмыстық іс бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеп хабарлайды.

Сот Жолманованы қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлімі, 2) тармағы бойынша ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны сегіз жылға бас бостандығынан айырды.

Алматы қаласы Медеу ауданы №2 аудандық сотының 2025 жылғы 19 маусымдағы бұрынғы үкімі ескеріліп, сот құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жазаларды біріктірді. Нәтижесінде Жолмановаға соңғы мерзім ретінде 10 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалды. Ол жазасын орта қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.

Сонымен қатар сот Жолманованы зардап шеккендерге өтемақы төлеу қорына мәжбүрлі төлем ретінде 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 73 840 теңге аударуға міндеттеді.

Сот азаматтық талаптарды да қарады. Құсаинова Айгүл Қайрулаевна, Аманжолова Күлсары Тынышжанқызы және Кусаинова Татьяна Борисовнаның талаптары қараусыз қалдырылды. Рапилбеков Ержан Қамшыбекұлының талабы жартылай қанағаттандырылды. Светлана Жолмановадан 94 258 750 теңге материалдық шығын және 942 587 теңге мемлекеттік баж өндірілді. Сот 16 миллион теңге талап-арыздың қалған бөлігін қарастырмады.

Анетбеков Мұратбай Телгозиевичтің талабы толық қанағаттандырылды. Сот Жолмановадан 315 миллион теңге материалдық шығын және 150 мың теңге мемлекеттік баж өндірілсін деп шешті. Алхаров Қайырбек Есенбаевичтің талаптары да толық көлемде қанағаттандырылды: 59 миллион теңге материалдық шығын және 590 мың теңге мемлекеттік баж мемлекет кірісіне аударылады.

Еске салайық, 2024 жылы 9 қазан күні экс-судья Светлана Жолманова тергеу іс-қимылдарын жүргізу үшін полицияға жеткізілді. Ол алаяқтық жасады деп айыпталды. 11 қазан күні бұрынғы судьяның Алматыда екі айға қамауға алынғаны белгілі болды. 2025 жылы 18 наурызда Жолманованың ісі сотқа жіберіліп, ал 19 маусымда ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары