Malim.kz
Құқық

Бұрынғы вице-министр лауазымын асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды

Айбын Атабай
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Мемлекеттік қорғаныстың тапсырыс комитеті

Астанада Қазақстанның бұрынғы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Әділбек Сәрсембаев ұсталды.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды. 

“Kozachkov offside” Telegram-арнасының мәліметінше, 47 жастағы экс-шенеунік қылмыстық кодекстің 361-бабы (Қызмет өкілетін асыра пайдалану) бойынша күдікті ден танылды. 

Дереккөздің мәліметінше, экс-шенеуніктің әскери техника сатып алуға қатысты ірі сыбайлас жемқорлық ісін тергеу барысында құқық қорғау органдарының Әділбек Сәрсембаевқа көзі түскен. Тергеумен Қаржылық мониторинг агенттігі айналысып жатыр.

Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша айыпталушыны жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Еске салайық, Астана соты биыл жазда қару-жарақ жеткізу жөніндегі мемлекеттік оператор , “КазСпецЭкспорт” РМК-ның бұрынғы басшысы Арман Рамазановқа үкім шығарды. Ол пара алу және заңсыз кәсіпкерлікке жәрдемдесу баптары бойынша кінәлі деп танылды. Арман Рамазановты 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Осы іске қатысы бар тағы бір адам – “KAZYTEC” ЖШС басшысы Азамат Шамерденов. Ол пара беріп, алаяқтық жасады деп айыпталып отыр.

“КазСпецЭкспорт” жойғыш ұшақтарға арналған қосалқы бөлшектерді сатып алуы тиіс болған. Алайда келісімшарт мұндай жеткізілімдерге қатысуға құқығы жоқ “KAZYTEC” компаниясына берілген. Тергеу барысында бұл шешім парамен жүзеге асқаны анықталды. Салдарынан мемлекетке 600 миллион теңге көлемінде залал келтіріліп, ұшақтар қажетті бөлшектерсіз қалған.

Тергеуге сәйкес, бұл схемаға “KAZYTEC” ЖШС-нің қатысуына Сәрсембаев себеп болған. Құқық қорғау органдарының болжамынша, дәл ол компанияға әскери техника жеткізушісі мәртебесін заңсыз берген.

Экс-вице-министрге лауазымдық өкілетін асыра пайдалану бабы бойынша күдік тағылды. Қазір оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қарастырылып жатыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары