Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев "Бернлидің" "Чарльтон Атлетикке" қарсы кездесуіне қатыспады. Burnley Express журналисі Мэтт Скрафтонның мәліметінше, футболшыға лондондық "Челси" алаңға шығуға рұқсат бермеген, деп хабарлайды Malim.kz.
Журналист бұл туралы 13 қазанда X желісіндегі парақшасында жазған. Ол ақпаратты «Бернлидің» бас бапкері Никки Хайеннен алғанын жеткізді.
"Никки Хайен жаңа ғана "Челсидің" Дастан Сәтпаевқа бүгінгі матчта ойнауға рұқсат бермегенін айтты", – деп жазды Скрафтон. Алайда лондондық клубтың мұндай шешімге не себепті келгені хабарламада түсіндірілмеген.
Сәтпаев бұл кездесуде негізгі құрамға да, қосалқы ойыншылар тізіміне де енбеді. Қазақстандық футболшысыз ойнаған "Бернли" "Чарльтон Атлетикпен" 2:2 есебімен тең түсті. Алаң иелері матчтың 96-минутында гол жіберіп, жеңісті сақтап қала алмады.
Айта кетейік, 18 жастағы Сәтпаев "Бернлиде" жалға ойнап жүр. "Челсидің" ресми хабарламасына сәйкес, оның лондондық клубпен келісімшарты 2033 жылға дейін жасалған, ал "Бернлиге" 2026/27 маусымына жалға берілген.
Бұған дейін шабуылшы қыркүйек айының басында "Мидлсброға" қарсы ойында жарақат алып, бір айдан астам уақыт алаңға шыға алмаған еді. Кейін ол "Уотфордпен" өткен кездесуде ойынға қайта қосылды. Дегенмен соңғы матчқа қатыспауын жарақатымен байланыстыратын нақты түсініктеме әзірге берілген жоқ.