Malim.kz
MALIMet

Чемоданға бәрі қалай сыяды? Сапарға жиналуды жеңілдететін 6 лайфхак

• Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Сапарға шығарда чемодан толып, ал қажет заттар сыртта қалып қоятын кездер болады. Көбіне мәселе жүктің көлемінде емес, оны қалай жинағанымызда. Киім мен ұсақ бұйымдарды ретімен орналастырсаңыз, орын үнемдеп қана қоймай, барған жерде керегіңізді тез табасыз, деп хабарлайды Malim.kz.

1. Жеке киім емес, дайын үйлесім таңдаңыз

Шкафтан ұнаған киімнің бәрін ала бермеңіз. Әр күнге не киетініңізді алдын ала ойластырыңыз. Бір шалбарға үйлесетін бірнеше жейде таңдасаңыз, артық киім азаяды. Дайын үйлесімдерді телефонға түсіріп алуға да болады.

2. Жұмсақ киімді орап салыңыз

Футболка, трикотаж және жұқа шалбарды тығыздамай орап орналастыру чемодан ішіндегі бос орындарды пайдалануға көмектеседі. Ал пішінін сақтауы керек пиджак пен тез мыжылатын жейдені ұқыптап бүктеп, үстіңгі жағына қойған ыңғайлы.

3. Аяқкиімнің ішіндегі орынды пайдаланыңыз

Таза шұлықтарды бөлек шағын пакетке салып, аяқкиімнің ішіне орналастырыңыз. Бұл бос кеңістікті пайдалануға әрі аяқкиім пішінін сақтауға көмектеседі. Аяқкиімнің өзін де жеке қапқа салыңыз.

4. Косметиканы шағын құтыға бөліңіз

Қысқа сапарға сусабын мен басқа күтім құралдарының үлкен қаптамасын тасудың қажеті жоқ. Жолға арналған шағын құтыларды пайдаланып, сыртына атауын жазып қойыңыз. Қақпағын тексеріп, бәрін жабылатын бөлек қалтаға жинаңыз.

5. Бірінші қажет болатын заттарды үстіне қойыңыз

Ұйықтайтын киім, тіс щеткасы мен ауыстыратын бір жиынтықты чемоданның қолжетімді бөлігіне орналастырыңыз. Баратын жеріңізге кеш жетсеңіз, бір зат үшін бүкіл жүкті ақтармайсыз. Ал құжаттар мен тұрақты қабылдайтын дәрілерді қол жүгіне бөлек жинаған ыңғайлы.

6. Қайтар жолға орын қалдырыңыз

Чемоданды шығарда-ақ аузы әрең жабылатындай толтырмаңыз. Сапарда алынатын сыйлық пен басқа заттарға аздап орын қалдырыңыз. Ішіне жеңіл жиналмалы сөмке және кір киімге арналған бөлек қап салып қойсаңыз, қайтарда заттарды реттеу оңай болады.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары