Malim.kz
Денсаулық

Цифрландыру: дәрігер жүктемесі 40%-ға дейін азайған

Айгүл Таңатар
https://d4w.ru

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландырудың нәтижесінде медицина қызметкерлерінің әкімшілік жүктемесі 30-40%-ға қысқарған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бірыңғай цифрлық контурға 21,3 мың медициналық ұйым, 275 мың медицина қызметкері және 141 мыңнан астам медициналық техника туралы дерек біріктірілген.

2025 жылы көрсетілген 215 млн-нан астам медициналық қызметтің 190,8 миллионы немесе 88,6%-ы электронды форматта ұсынылған. Сол жылы 8,5 млн-нан астам электронды медициналық анықтама беріліп, 5,6 млн азамат дәрігер қабылдауына онлайн жазылған.
Цифрлық мониторингке 6,8 млн бала мен 4,8 млн әйел қамтылған. Сонымен қатар 3,6 млн пациент динамикалық бақылау жүйесіне енгізілген.

Медициналық қызметті бақылау да күшейген. Цифрлық сәйкестендіру 1950 медициналық ұйымға енгізіліп, қабылдаулардың шамамен 47%-ы Face ID және электронды құжаттар арқылы жүргізіледі. Бұл 10,6 млрд теңге көлеміндегі негізсіз медициналық қызметтердің алдын алуға мүмкіндік берген.

Дәрі-дәрмектерді цифрлық таңбалау препараттардың қозғалысын онлайн бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Ал 2025 жылы заңсыз сатылған дәрі-дәрмектің 21 мыңнан астам бірлігі анықталғаны хабарланды.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары