Malim.kz
Оқиға

Дәрігердің орнына полиция шақырған. Алматыда инсульт алған азамат көз жұмды

Айбын Атабай
видеодан скриншот

Алматыда 26 жастағы жігіт тамақтанатын орындардың бірінде кенет ауырып, инсульт алған. Мекеме орны жедел жәрдем орнына полиция шақырған көрінеді. Салдарынан оған ешқандай медициналық көмек көрсетілмегендіктен, жағдайы нашарлап, көз жұмған. Енді марқұмның жақындары немқұрайлы қарағандардың жауапқа тартылып, әділдік орнауын сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады. 

Әсел Әбдірахманова Threads жазбасында інісінің жағдайын баяндады. Сөзінше, оқиға қарашада Алматыдағы Mysato мейрамханасында болған. 

26 жастағы Жандос жаттықтырушы болған. Ол оқушысымен жарысқа барып, екеуі аталмыш орынға түстенуге барған екен. Сол мезетте жігіт өзін нашар сезініп, құса бастапты. Сөйтсе инсульт алған. Әпкесі жігітке алғашқы көмек көрсетілудің орнына оны полиция мастардың есін жиғызатын орынға алып кеткенін айтады. Жақындарына да хабарламады дейді.

“Біз 11 қарашада інімізден айырылып қалдық! Әлі іс қозғалған жоқ, бәрі бір-біріне сілтеп жатыр! Шыр айналдырды! Біз оны енді қайтара алмаймыз, бірақ әділдік орнатып, кінәлілерді жазалағымыз келеді! Егер ол өзін нашар сезіне бастаған кезде дереу медициналық көмек алса, ол әлі тірі болар еді! Ол түні бойы ешқандай көмексіз жатты! Жандос ауырып, құсқанға олар оны мас деп ойлады. Бңрақ одан алкоголь иісі де шықпады”, – деді әпкесі.

Ата-анасы оны ауруханаға апарып, МРТ жасады. Сол кезде оның миына қан құйылып кеткені белгілі болды. Әсел Әбдірахманованың айтуынша, Жандосқа ота жасалды. Ол комаға түсіп, сегіз күннен кейін есін жимай көз жұмған.

Әзірге Алматы полициясы жағдайға қатысты пікір білдірмеді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары