Қазақстандық футболшы Дастан Сатпаев жарақатына байланысты бірнеше апта алаңға шыға алмайды, деп хабарлайды Malim.kz тілшісі ztb_sports-қа сілтеме жасап.
18 жастағы шабуылшы жарақатты "Мидлсброға" қарсы өткен кездесуде алған. "Бернлидің" бас бапкері Ники Хэйен футболшыға толық қалпына келу үшін уақыт қажет екенін мәлімдеді.
"Иә, өкінішке қарай, ол бірнеше аптаны өткізіп алады. Ол маусым алдындағы дайындықтан өтті, бірақ ол толыққанды болған жоқ. Біз ойыншыларға түсетін жүктемені дұрыс бөліп, оларды қорғауға тырысамыз. Мұнда тепе-теңдікті табу маңызды", – деді Хэйен.
Жарақатына байланысты Сатпаев "Бристоль Ситиге" қарсы матчқа да қатыса алмады. Бұл кездесуде "Бернли" 1:2 есебімен жеңіліп қалды.