Malim.kz
MALIMet

Дәулет Тұрлыханов, Сансызбай Есілов: 18 қарашада кімдер туған?

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

18 қарашада қазақ спортына, білім саласына және қоғамдық өмірге үлес қосқан бірқатар тұлға дүниеге келген. Олардың арасында Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Сансызбай Есілов пен Мәлік Құлшар бар. Malim.kz осы күні туған тұлғалар туралы қысқаша мәлімет ұсынады.

Дәулет Тұрлыханов

Дәулет Болатұлы Тұрлыханов 1963 жылғы 18 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Георгиевка ауылында дүниеге келген. 2026 жылы 63 жасқа толады. Оның есімі көпшілікке грек-рим күресіндегі жетістіктерімен таныс.

Балуан 1988 жылы Сеул Олимпиадасында күміс, 1992 жылы Барселона Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды. 1989 жылы әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ Еуропа және Азия чемпионаттарында топ жарып, КСРО чемпионатында жеті рет жеңіске жеткен. Спорттық мансабынан кейін бапкерлікпен, спортты басқарумен және депутаттық қызметпен айналысты.

Сансызбай Есілов

Сансызбай Сейітжанұлы Есілов 1951 жылғы 18 қарашада Ақмола облысында туған. Биыл оның туғанына 75 жыл толады. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітіріп, инженер-құрылысшы мамандығын алған.

Еңбек жолын техникалық қызметтерден бастаған ол кейін мемлекеттік басқару саласына ауысты. Астана қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, Мәжіліс депутаты және елордалық мәслихаттың хатшысы болды. Астана қаласының құрметті азаматы атанған.

Әділбек Ботабеков

Әділбек Қожабекұлы Ботабеков 1959 жылғы 18 қарашада дүниеге келген. 2026 жылы туғанына 67 жыл толады. Инженер-құрылысшы, техника ғылымдарының кандидаты.

Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын тәмамдағаннан кейін оқытушылық және ғылыми жұмыстармен айналысты. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында оқытушыдан басшылық қызметтерге дейінгі жолдан өтті. Кейін Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын, Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін басқарды. Ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектердің авторы.

Мәлік Құлшар

Мәлік Иманқұлұлы Құлшар 1960 жылғы 18 қарашада Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Биыл туғанына 66 жыл толады. Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетін бітірген.

Еңбек жолын мектеп-интернатта мұғалім болып бастаған. Кейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Қазталов ауданының әкімі қызметтерін атқарды. 2007–2020 жылдары облыстық мәслихаттың хатшысы болды. 2021–2023 жылдары Мәжіліс депутаты ретінде Қаржы және бюджет комитетінің жұмысына қатысты.

Владимир Беккер

Владимир Робертович Беккер 1965 жылғы 18 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Благодатное ауылында дүниеге келген. 2026 жылы туғанына 61 жыл толады.

Оның еңбек жолы өрт қауіпсіздігі және төтенше жағдайлар саласымен байланысты. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында 1986 жылдан бастап жұмыс істеген. Кейін өртке қарсы қызмет пен төтенше жағдайлар құрылымдарында басшылық қызметтер атқарды. 2016–2020 жылдары Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетін басқарды. ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары