Депутаттардың төсбелгілері енді бағалы металдардан жасалмайды, деп хабарлайды Malim.kz.
Сонымен қатар олардың көлемі де кішірейтіледі. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді.
Оның айтуынша, мәселе Мемлекет басшысының қатысуымен де талқыланған. Президент төсбелгінің көлемін азайтып, оны дайындауда бағалы металдардан бас тартуды ұсынған.
ОСК бұл ұсынысты Монета сарайы мамандарымен бірге бірнеше рет талқылаған. Нәтижесінде төсбелгіні жезден жасау туралы шешім қабылданды. Бұл материал мемлекеттік наградалардың басым бөлігін дайындауда да қолданылады.
Төсбелгінің жалпы дизайны мен түсі сақталады. Алайда оның өлшемі кішірейтіліп, жаңа нұсқасы ықшам әрі ыңғайлы болмақ.
Айта кетейік, бүгін – сайлауалды тыныштық күні. Яғни, заң бойынша қандай да бір үгіт-насихат жұмыстарына жол берілмейді.