Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директоры Жандос Шаймарданов жаңа Құрылтайда қабылданатын заңдардың сапасы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Kazinform.kz ақпарат агенттігінің жазуынша, екі палаталы Парламенттен бір палаталы заң шығарушы органға көшу заңдарды қабылдау барысында депутаттардың жауапкершілігін күшейтеді. Енді олар заң жобаларын екі емес, үш оқылымда қарайды.
– Ең алдымен, бұл депутаттардың көзқарасы мен жауапкершілігін өзгертеді. Парламентіміз екі палатадан тұрған кезде Мәжіліс заң жобаларын қарап, оларды өзі де бастамашылықпен енгізе алатын. Ал Сенат Мәжіліс қабылдаған түзетулерді мақұлдайтын. Әрине, ол құжаттарды Мәжіліске қайтара алатын, бірақ мұндай жағдай жиі бола бермейтін. Ал бір палаталы парламент жағдайында құжаттарды қарайтын Құрылтай мен депутаттардың жауапкершілігі артады, – деп түсіндірді ол.
ҚСЗИ басшысы бұл пікірін «Сайлау – 2026: қорытынды және жаңа саяси белес» атты сараптамалық алаңның кулуарында мәлімдеді.
Сонымен қатар, Құрылтайда бейінді комитеттердің саны артады. Бұл депутаттардың жұмыс бағыттарын жүйелеп, бөлуге мүмкіндік береді. Жаңа комитеттердің бірі цифрландыру және жасанды интеллект мәселелерімен айналысады.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжілісте жеті, ал Сенатта алты комитет болған.
– Депутаттар заң шығару процесіне белсенді түрде қатысады. Оларға жауапкершілік жүктелетін нақты сала белгіленеді, комитеттердің саны артады. Бұл да оң әсерін тигізеді, өйткені жұмыс бағыттары бұрынғыдан нақтырақ бөлінеді. Биыл бізде цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы бағытта жұмыс істейтін арнайы мамандандырылған комитет құрылады деп ойлаймыз, – деді Жандос Шаймарданов.