Malim.kz
Шоу-бизнес

Димаш Құдайберген гуманитарлық миссиямен Бангладешке барды

Сабина Асқарқызы
Фото: dimashnews.com

Қазақстандық әнші, БҰҰ жанындағы Халықаралық көші-қон ұйымы ізгі ниет елшісі Димаш Құдайберген гуманитарлық миссия аясында Бангладештің Кокс-Базар өңіріне барды, деп хабарлайды Malim.kz.

Әншінің ресми мәліметіне сәйкес, сапардың негізгі мақсаты – мәжбүрлі қоныс аударған халықтың жағдайымен танысу және халықаралық қауымдастық назарын гуманитарлық мәселелерге аудару.

Кокс-Базар өңірі бүгінде мәжбүрлі түрде қоныс аударған адамдар ең көп шоғырланған аймақтардың бірі саналады. Қазір мұнда жүздеген мың адам тұрып жатыр. Олар баспана, медициналық көмек, білім беру және әлеуметтік қолдау сияқты тұрақты көмекке мұқтаж.

Гуманитарлық миссия барысында Димаш бірқатар кездесулер өткізіп, өңірдегі әлеуметтік және гуманитарлық нысандарды аралайды. Сонымен қатар ол Халықаралық көші-қон ұйымының жергілікті жобаларымен танысып, осал топтарды қолдау және өңірдің тұрақты дамуына қатысты мәселелерге назар аударуға атсалысады.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген 2024 жылдың ақпан айында Халықаралық көші-қон ұйымының тоғыз ізгі ниет елшісінің бірі болып тағайындалған болатын.

Бұған дейін әнші: «Халықаралық көші-қон ұйымының ізгі ниет елшісі ретіндегі міндетімде мигранттардың құқықтарын қорғауға үлес қосатынымды мақтан тұтамын. Әр адам өзін қауіпсіз сезінетін әрі жаңа мүмкіндіктерге жол ашылған әлем үшін бірігейік», – деп мәлімдеген еді.

Өңірдегі жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Маусымдық су тасқындары мен циклондар жергілікті тұрғындардың өміріне және гуманитарлық бағдарламалардың жұмысына қосымша қиындықтар туғызуда.

Халықаралық ұйымдар мен жергілікті серіктестер тұрғындарды қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету және өңір инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайту бағытында жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары