Malim.kz
Білім-ғылым

Димаш Құдайберген профессор атанды

Айбын Атабай
instagram.com/kaznmu

Әнші, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергенге Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті марапат жасады. Ол оқу орнының құрметті профессоры атанды, деп хабарлайды Malim.kz.

Университет ректоры Марат Шоранов Димаш Құдайбергенге мәдениетті дамытуға, жастардың рухани тәрбиесіне қосқан үлесі және Қазақстанның халықаралық имиджін ілгерілетудегі еңбегі үшін ҚазҰМУ-дың құрметті профессоры атағын табыстады.

Димаш Құдайберген кездесуде өзінің өмірлік және шығармашылық жолы туралы ой бөлісті. Ол ұлттық мәдениеттен ажырамай, әлемдік сахналарға қалай жеткенін айтып берді.

— Адамды ең әуелі рухани байлығы үшін бағалаймын. Талант пен кәсіби қабілет — одан кейінгі нәрсе. Егер ішкі негіз болмаса, қандай жетістікке жетсең де, оның салмағы сезілмейді, - деді Димаш.

Димаш Құдайберген ҚазҰМУ студенттерінен құралған «Дала сазы» ұлттық аспаптар ансамблімен бірлесіп өнер көрсетті. Олар «Адай» күйін бірге орындады.

Халық әртісі студенттерге алдағы емтихан сессиясын сәтті тапсыруға тілектестігін білдірді.

Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайберген Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық көші-қон бойынша ұйымының (IOM) жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалғанын жазғанбыз.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары