Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген "DiMENSIONS" әлемдік туры аясында шетелдік тыңдармандарымен кездесуге дайындалып жатыр. Алдағы концерттер Еуропа, Латын Америкасы және Азия елдерінде өтеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Әншінің DimashNews ресми сайтындағы кестеге сәйкес, турдың алдағы алғашқы концерті 18 қазанда Польшаның Краков қаласында өтеді. Димаш тыңдармандарын Tauron Arena сахнасында қарсы алады. Одан кейін 24 қазанда Германияның Дюссельдорф қаласында, 30 қазанда Испания астанасы Мадридте өнер көрсетеді.
Қарашада әнші Латын Америкасына аттанады. Мексикада бес концерт жоспарланған: 11 қарашада Меридада, 14 қарашада Монтеррейде, 17 қарашада Гвадалахарада, ал 19 және 20 қарашада Мехикода ән шырқайды. Бұдан кейін 22 қарашада Колумбияның Богота қаласында, 24 қарашада Чилидің Сантьяго қаласында тыңдармандарымен кездеседі.
Желтоқсанға да екі концерт белгіленген. 1 желтоқсанда Перу астанасы Лимада, 12 желтоқсанда Индонезиядағы Sentul International Convention Center алаңында өнер көрсетеді. Осылайша, жарияланған кестеде сегіз елдегі 12 концерт қамтылған.
"DiMENSIONS" бағдарламасы Димаштың дауыс мүмкіндігін ғана емес, шығармашылық және адамдық болмысын да танытуға арналған. Жобаның ресми сипаттамасында туған жер, махаббат, сенім мен өмірлік естеліктер арқылы өнерпаздың ішкі әлемін көрсету көзделгені айтылған.
Айта кетейік, Malim.kz бұған дейін Димаштың "DiMENSIONS" атты жаңа әлемдік жобасын таныстырғанын жазған. 2026 жылғы 5 тамызда жарияланған материалда жобаның әншінің көпқырлы шығармашылығын және сахнадан тыс болмысын ашуға бағытталғаны айтылған.
Димаш Құдайберген кім?
Димаш Құдайберген – қазақстандық әнші, композитор әрі бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын өнерпаз. Ол 1994 жылғы 24 мамырда Ақтөбеде музыканттар отбасында дүниеге келген. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Светлана Айтбаева – кәсіби әншілер. Димаш бала кезінен музыкамен айналысып, алты жасында "Айналайын" республикалық байқауының фортепиано аталымында жеңімпаз болған.
Ол Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжінде академиялық ән айту бойынша білім алған. 2012 жылы "Жас қанат" республикалық байқауының бас жүлдесін, 2015 жылы Беларусьтегі "Славян базары" халықаралық байқауының Гран-приін жеңіп алды. Кейін халықаралық сахналарда жеке концерттер беріп, шетелдік музыкалық марапаттарға ие болды. Әншілікпен қатар музыка жазумен де айналысады.