Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова "Бас тақырып" бағдарламасына берген сұхбатында мұғалімдердің оқу жүктемесін бөлу тәртібіне қатысты өз ұстанымын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
"Директор немесе директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары өзіне ұнайтын мұғалімдерге сағатты бөліп береді деген шағымдар көп түсті. Менің ұстанымым – сағат бөлу тек директордың немесе оның орынбасарының құзырында болмауы керек. Белгілі бір мұғалімдерге басымдық беріледі деген шағымдар көп түседі. Сондықтан сағат бөлу академиялық қағидаттарға негізделген әділ нормативтермен реттелуі тиіс", – деді министр.
Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған тағы бір маңызды ұсынысын айтты. Оның пікірінше, егер ұстаз 5-сыныпты қабылдаса, сол сыныпты 11-сыныпқа дейін бір пән бойынша үздіксіз оқытуы керек. Бұл тәсіл мұғалімнің жұмыс нәтижесін, білім беру сапасын нақты әрі әділ бағалауға мүмкіндік береді.