Malim.kz
Саясат

"Досаев келмейінше кетпейміз". Белсенділер алаңда түнеуге бел буып отыр

Malim Админ

Қаралы митингке келгендер плакат пен тамаққа ақша жинап жатыр. Жанболат Мамай бастаған белсенділер алаңда түнеуге бел буып отыр. Бүгінгі жиын кезінде айтылған талаптар қатарында Алматы әкімі Ерболат Досаев отставкасы туралы да айтылған болатын. Олар өздерінің осы талаптарын айтқаннан кейін аумақта полиция қызметкерлері көбейіп кетті.

Жиналғандар "Досаев халықтың адамы болса, бірге келіп, құран бағыштасын. Келгенше күтеміз" деп жатыр.

Оқи отырыңыздар: "Халық террорист емес". Алматыда қаралы митинг өтіп жатыр

Айта кетейік, бүгін Алматыдағы Тәуелсіздік таңы монументі алдында Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болғандарды еске алуға арналған қарала митинг өтіп жатыр. Сағат 11-ден бері алаңға 500-ден артық адам жиналған. Олар қаза тапқандарға құран бағыштады. Және осы оқиға салдарынан қамауға алынған азаматтарды босатып, оларды азаптағандарды жазаға тартуды талап етуде.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтардағы оқиғалардан кейін Алматы халқы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отставкасын талап етіп, петицияға қол жинағаннан кейін президент жарлығымен ол басқа жұмысқа ауысып, орнына Ұлттық Банктің бұрынғы төрағасы Ерболат Досаев тағайындалған. Алайда Досаевтың кандидатурасы тұрғындарға жақпай, оған қарсы петиция жарияланып, 6 ақпан күні оның отставкасын талап еткендер әкімшілікпен келісілген митингке шығып, қала әкімі сайлауын өткізу керегін айтқан.

Жыл басында Маңғыстау облысында газ бағасының қымбаттауы салдарынан жаппай наразылық акциялары басталған. Кейіннен оларды елдің басқа өңірлері қолдап, экономикалық-әлеуметтік мәселелермен қатар, саяси өзгерістер де талап етілген. Елдің бірнеше өңірінде оқ атылған.

 

Митингтен хабар таратқан Айшолпан КЕРІМ, Ақниет АМАНЖОЛҚЫЗЫ

Malim Админ
Автордың басқа материалдары