Митингті азаматтық белсенділер Айгерім Тілеужан мен Анар Назарова ұйымдастырып, алдын ала қала әкімдігінен келісім алған. Айта кетейік, бұған дейін Досаев қалаға әкім болып келген кезде қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған адамдарды еске алуға арналған қаралы митинг өткізуге рұқсат бермей, себебін эпидемиологиялық жағдайға байланысты деп түсіндірген.
Халық Ғылым ордасы алдындағы саябаққа сағат 11-ден бастап жиналды. Шарада әдеттегідей полиция, әкімшілік қызметкерлері және жедел жәрдем көліктері болды. Алайда бұл митингтің алдыңғылардан ерекшелігі мұнда интернет желісі бұғатталмай, кетлинг болмады. Бұрын ешбір митингтен хабар таратпаған мемлекеттік арналар да алаңға келіп, жұмыс атқарды. Қала әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері келген БАҚ өкілдерінің тізімдерін жасады, бірақ бұрынғыдай қызметтік құжаттарды тексермеді.
Қара түсті маска тағып алған әкімдік өкілдері жиналғандарды видеоға түсіріп, журналистермен тілдескен әр адамның аты-жөнін бір-біріне айтып жүрді. Шоқан Уәлиханов ескерткіші алдына орнатылған трибуна Ғылым ордасына қарама-қарсы орналасқан. Ол ғимараттың жоғарғы қабатындағы балконында бірнеше адам митингті басынан-аяғына дейін бақылап тұрды. Митинг аяқталғанда қызметтік көліктеріне отырып, кетіп қалды.
«Елім-жерім деп жүрген жас жігіттерді кінәсіз қорлап жатыр. Не деген сұмдық бұл? Кезінде 86-да бізді дубинкамен ұрып-соққан. Мені сапер-күрекпен ұрып денсаулығымнан айырған. Бірақ оқ атқан жоқ. Қарапайым халыққа оқ ату деген сұмдық қой. Енді айтқан террористерін таба алмай, жастарды жазалап, қорлап жатқаны бұл әділетсіздік. Оларды босатуын талап етеміз. Біз жастарды құтқаруымыз керек. Егер қажет болса, солардың орнына бізді қамасын түрмеге. Бірақ жастардың обалына қалмасын», - деді 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан Анархан Мұхамеджанова.
«Мен Ерболат Досаевтың кетуін талап етемін. Бұл шіріген жүйенің олигархы. Назарбаевтың ең жақын адамы. Бұл кене секілді келген жерінде сорып отыра береді. Жүрген жерінде шөп шықпайтын адам ғой. Өзінің тілін білмейтін, қазақша түсінбейтін, сонда бұл кісіге барған кезде біз деген аудармашы алып баруымыз керек пе? Митингке рұқсат беріп, халықты алдап жатыр. Бізге рұқсат беріп те керегі жоқ. Олардың рұқсаттарынсыз-ақ шыққанбыз, шыға береміз. Себебі елде заң жұмыс істемейді. Өздері ойлап тапқан заңға өздері қарсы шығып, таптап жатыр», - деді белсенді Майра Ғабдулина.
Митинг белгіленген уақытта сағат 12:00-де басталды. Ұйымдастырушы Айгерім Тілеужан трибунаға шығып, алдымен қаңтар қырғыны кезінде қайтыс болған адамдарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады. Трибунаға шыққан әрбір адам өзіндік талаптарын айтып жатты. Бірақ басты талап Ерболат Досаевтың отставкасымен, Алматыда қала әкіміне сайлау өткізу болды. Белсенділер Досаевтың 1998 жылдан бері істеген қызметтерін тізіп шықты. Жиналғандар оны «Нұрсұлтан Назарбаевтың адамы» деп атап, бұрынғы президенттің кезінде «аналгин мен демидролды ажырата алмаса да» Денсаулық сақтау министрі болып, Шымкентте балалар жаппай ВИЧ жұқтырғаннан кейін қамауға алынуы керек болғанын алға тартты. Кейбірі қаланың жаңа әкімін «қазақтың жерін шетелге сатпақ болды» деп айыптады. Жиналғандар «Алматы өз әкімін таңдауға құқылы, бұл құқықты қаңтарда қан төгіп дәлелдегендерін» айтты.
Досаевпен қатар халық сынына Сағынтаев, Тоқаев пен Назарбаев та ілікті. Ретінмен баяндасақ. Белсенді Айгерім Тілеужан: «Сағынтаевты халық сайлағанда ол халықтың алдына қорықпай шығатын еді» деді. Жиналғандар қаңтарда Алматы аренадан Тәуелсіздік монументіне дейін 3 сағат жаяу жүріп барғандарын, сол сәтте қала әкімі алаңға трибуна, микрофон қойып халық талабын тыңдағанда ешкім жапа шекпей кетер еді деп айтты.
Тіркелмеген Ел тірегі партиясының өкілі Балташ Тұрсынбаев билікке екі талап қою керегін айтты: Біріншісі, Назарбаев бастаған коррупция тобын заңмен жазалау. Екіншісі, парламент арқылы 1993 жылы қабылданған конституцияның күшін кері қайтару. Және сол конституцияға сүйеніп, үш заң шығару: сайлау туралы, Парламент туралы, әкімдер туралы. Ол осы талаптар орындалмайынша, Қазақстанның барлық қалаларында жаппай митинг өткізуге шақырды.
Экономист Рақым Ошақбаев ең үлкен проблема Қазақстан халықының жаппай несиеге тәуелді болуында жатқанын айтты. Оның сөзінше, экономикалық белсенді 11 миллион халықтың 8 миллионы несиеге байланған, оның 5-6 миллионы несиені төлеп біте алмайды. Ол жеке тұлғаларды банкрот қылып жариялайтын заң керегін айтты.
Тіркелмеген Демократиялық партияның өкілі Рысбек Тоқтасын Тоқаевқа сенуге болмайтынын айтты. Ол халық қан жұтып жатқанда, президенттің Бейжіңге кеткені өрескел қателік екенін ескертті. Оның пікірінше, Тоқаевқа қазіргі билікті қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған халық алып берді.
Трибунаға кезексіз шығып, өзін таныстырмаған бірнеше адам әкім сайлаудың қажеті жоқтығын айтты. Және тақырыпты басқа арнаға бұрып, сөз сөйлеп жатқандарға жағаласқандар да болды. Арасында «сонда кімді әкім қыламыз» деп сөз бөлгендер де табылды. Оларды халықтың өзі басып, трибунадан күшпен түсіріп, «бұлар Досаевтың провкаторлары», «лайықты азаматтар жеткілікті» деп жатты. Жиналғандар арасында ең көп айтылған кандидаттар: Марғұлан Сейсенбай, Макс Боқаев, Мұхтар Жәкішев болды. Феминита ұйымының өкілі Жанар Секербаева қалаға әйел адам әкім болуы керек деп айтты.