Malim.kz
Денсаулық

ДСМ адам жегіш Николай Жұмағалиев жатқан клиниканы тексереді

Айбын Атабай
Фото: shot_shot

Денсаулық сақтау министрі мәжбүрлі емдеуде жатқан Николай Жұмағалиев орналасқан "Ақтас" республикалық мамандандырылған психиатриялық ауруханасына кешенді тексеру жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Мұндай шешім бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде науқастардың емдеу мекемесіндегі жағдайына қатысты шағымдар жарияланғаннан кейін қабылданды.

Тексеруді медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізеді. Мамандар медициналық құжаттарды, емдеу процесін ұйымдастыруды, пациенттердің ұсталатын жағдайын, лауазымды тұлғалардың әрекеттерін және азаматтардың құқықтарының сақталуын зерделейді.

Сонымен қатар тексеруге прокуратура органдарының, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері және өзге де мемлекеттік органдар тартылмақ.

Денсаулық сақтау министрлігі тексеру қорытындысы бойынша барлық айтылған жайттарға құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Егер заңбұзушылықтар расталса, кінәлілер жауапқа тартылады.

Бұған дейін YouTube платформасында "Ақтас" ауруханасында мәжбүрлі ем алып жатқан Николай Жұмағалиевтің сұхбаты жарияланған еді. Ол мекемедегі жағдай туралы айтып, жеке кеңістіктің жетіспеушілігіне, палаталарда ұзақ уақыт болуға, серуендеуге шектеулі мүмкіндікке және тұрмыстық қолайсыздықтарға шағымданған.

Николай Жұмағалиев 1970-жылдардың соңында бірнеше аса ауыр қылмыс жасаған. Тергеу мәліметінше, оның құрбандарының саны кемінде 10 адам болған, олардың басым бөлігі әйелдер. Сот оны есі дұрыс емес деп танып, мәжбүрлі емдеуге жіберген.

"Ақтас" – Қазақстандағы осындай бағыттағы жалғыз мамандандырылған медициналық мекеме. Мұнда соттың шешімімен мәжбүрлі медициналық ем тағайындалған адамдар ем қабылдайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауруханадағы пациенттердің 80%-дан астамы адам өмірі мен денсаулығына қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған.

Еске салайық, бұған дейін режиссер Руслан Пак КСРО кезінде елді дүр сілкіндірген сериялық қылмыскер Николай Жұмағалиевті ұстау операциясына негізделген "ТРИ" фильмін түсірген еді. Алайда картинада адамжегіштің өзі емес, қылмысты ашуға тырысқан із кесушінің тағдыры басты назарға алынған. Фильм жеке инвестиция есебінен түсірілген және халықаралық фестивальдерге ұсынылған.  КСРО кезеңіндегі ең белгілі сериялық қылмыскер, каннибал Николай Жұмағалиевтің жағдайы дәрігерлер тарапынан тұрақтандырылды. "Железный Клык" және "Сатана" деген лақап атпен танылған, әйелдерді өлтіріп, олардың етін жеп, шизофрениямен ауыратын қылмыскер Қазақстандағы психиатриялық ауруханада есін жиған. SHOT дерегінше, ондаған жыл бойы құпия сақталып келген ақпаратқа алғаш рет қол жеткізілген. Қазір Жұмағалиев Алматы облысындағы Ақтас ауылында орналасқан арнайы психиатриялық ауруханада мәжбүрлі ем қабылдап жатыр. Ұзақ жылдар бойы "шизофрения" диагнозымен толықтай ес-түссіз күйде болған науқас соңғы қолданылған емдеу әдісінен кейін айтарлықтай оң нәтижеге қол жеткізген. Енді ол анық сөйлеп, сұрақтарға жауап бере алады.

Аурухана бас дәрігері оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап, 35 жылдан кейін алғаш рет туыстарымен телефон арқылы сөйлесуіне рұқсат берген. Әңгіме небәрі 5 минутқа созылған. Жұмағалиев жиені Еркежанмен байланыс орнатуды сұраған. Ол келісімін берген соң, енді қылмыскер айына екі рет туысымен сөйлесе алады. Алайда дәрігерлер аурудың қайта асқыну қаупі бар екенін ескертеді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары