Malim.kz
Денсаулық

ДСМ қазақстандықтарға хантавирусқа байланысты үндеу жасады

Арман Қайыпхан
Фото: depositphotos.com

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шетелге шығатын қазақстандықтарға хантавирус инфекциясының елге әкеліну қаупіне байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды Malim.kz.

Ведомствоның мәліметінше, хантавирус инфекциясы — адамға негізінен кеміргіштермен немесе олардың бөлінділерімен байланыс арқылы жұғатын қауіпті вирустық ауру. Ол бүйрек синдромымен өтетін геморрагиялық қызба мен хантавирустық өкпе синдромын тудыруы мүмкін.

Вирус адам ағзасына мына жолдар арқылы түсуі ықтимал:

– шаң арқылы;
– тағам арқылы;
– су арқылы;
– кеміргіштердің шағуы арқылы.

Осыған байланысты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шетелге шығатын азаматтарға мынадай сақтық шараларын ұсынды:

– кеміргіштермен байланыстан аулақ болу, олардың болуы мүмкін жерлерге бармау;
– кеміргіштер ластауы мүмкін азық-түлік пен суды пайдаланбау;
– бейберекет және көше саудасы орындарында тамақтанбау, азық-түлікті тығыз жабылатын ыдыста сақтау;
– жабық бөлмелерде алдын ала желдету жүргізіп, дезинфекциялық құралдармен ылғалды тазалық жасау, тазалау кезінде қолғап пен маска қолдану;
– адамдар көп жиналатын орындарда арақашықтық сақтау, маска мен дезинфекциялық құралдарды пайдалану, қол гигиенасын сақтау.

Сондай-ақ ведомство шетелден оралғаннан кейін 1-8 апта аралығында әлсіздік, жоғары температура, бұлшықет ауруы, жөтел немесе ентігу белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралып, шетелде болғаны туралы хабарлау қажет екенін атап өтті.

Еске салсақ, өлімге әкелуі мүмкін хантавирус індеті Аргентинадан Кабо-Вердеге бағыт алған MV Hondius круиздік лайнерінде тіркелген болатын. Үш адам көз жұмды. 12 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хантавирус жұқтырған 11 жағдай анықталғанын хабарлады. Оның тоғызында Андес вирусы расталған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары