Malim.kz
MALIMet

Дубайдан ұшқан жолаушылар ұшағы дабыл беріп, бағытын өзгертті

• Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Дубайдан Тель-Авивке бет алған flydubai әуе компаниясының ұшағы төтенше жағдай туралы белгі беріп, Сауд Арабиясына қонды. Экипаж әуе кемесінің басып алынуы немесе борттағы заңсыз әрекет кезінде қолданылатын кодты жіберген, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқиға FZ1073 рейсінде болған. Ynet басылымының мәліметінше, ұшақта 174 жолаушы, оның ішінде 27 бала болған. Жолаушылардың 150-ден астамы – Израиль азаматтары.

Ұшу кезінде экипаж алдымен жалпы төтенше жағдайды білдіретін 7700 кодын жіберген. Кейін әуе кемесі басып алынғанда немесе бортта заңсыз араласу болғанда қолданылатын 7500 коды берілген. Осыдан соң ұшақ Сауд Арабиясының әуе кеңістігінде бағытын өзгерткен.

The Times of Israel қауіпсіздік саласындағы дереккөздерге сүйеніп, ұшаққа қарай Израиль әскери-әуе күштерінің жойғыштары көтерілгенін жазды. Израиль ақпарат құралдарының хабарлауынша, премьер-министр Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрі Исраэль Кац шұғыл кеңес өткізген.

Бір сәтте рейс ұшақтардың қозғалысын бақылайтын сервистерден көрінбей қалған. Кейін оның Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук әуежайына бет алғаны белгілі болды. Ұшақ сол елге аман-есен қонған.

Қонғаннан кейін оқиғаның ықтимал себебі туралы алғашқы болжамдар жарияланды. Ynet ұшқыштар кабинасында төбелес болуы мүмкін екенін хабарлады. Басылымның болжамынша, дабылдың берілуіне осы жағдай себеп болуы ықтимал.

Алайда материал жарияланған кезде flydubai әуе компаниясы да, Сауд Арабиясының билігі де бұл нұсқаны ресми растаған жоқ. Ұшақтың басып алынғаны туралы да расталған мәлімет жоқ.

FlightStats дерегіне сәйкес, рейсті Boeing 737 MAX 8 ұшағы орындаған. Ол кесте бойынша Дубайдан жергілікті уақытпен сағат 06:45-те ұшып, Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайына сағат 09:10-да қонуы тиіс болған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары