Жасанды интеллект көмегімен жасалған дипфейк-технологиялар енді интернет-алаяқтардың басты қаруына айналып отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Соңғы уақытта қылмыскерлер Дубайдың тақ мұрагері, шейх Хамдан бин Мұхаммед әл Мактумның бейнесін пайдаланып, әлеуметтік желі қолданушыларын алдаудың жаңа тәсілін іске асырған.
Филиппиндік Мария есімді әйел танысу сайтында өзін Дубай ханзадасы ретінде таныстырған адаммен байланыс орнатқан. Кейін олар WhatsApp арқылы сөйлесіп, алаяқ оған жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнеқоңыраулар шалып, өзіне сендірген. Біраз уақыттан соң «неке құжатын рәсімдеу», «корольдік мүшелік картасы» және Дубайдағы жұмысқа орналасу үшін түрлі төлемдер сұрай бастаған. Әйел барлық жинағын аударып жібергеннен кейін ғана алданып қалғанын түсінген. Зерттеушілер бұл схемалардың бірқатары Нигериядағы қылмыстық топтармен байланысты болуы мүмкін екенін айтады.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай романтикалық алаяқтықтың басты ерекшелігі – қылмыскерлер жәбірленушінің сеніміне бірнеше апта, тіпті бірнеше ай бойы кіріп, содан кейін ғана ақша сұрайды. Жасанды интеллект дауысты, бейнені және мимиканы шынайы етіп көрсететіндіктен, жалған бейнеқоңырауды ажырату барған сайын қиындап барады.
Соңғы жылдары әлемде танымал саясаткерлердің, кәсіпкерлердің және корольдік отбасы мүшелерінің атын жамылған дипфейк алаяқтықтары күрт көбейген. Мамандар әлеуметтік желіде немесе мессенджерде өзін әйгілі адам ретінде таныстырып, қаржы аударуды немесе құжат рәсімдеуді сұраған кез келген адамға сенбеуге кеңес береді.