Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков ұлын қолдау үшін Атырауға барғанын айтып, екеуі бірге сахнаға шыққан сәтті жариялады. Видеоның астына Гүлзира Айдарбекова пікір қалдырып, ұлының әкесіне ұқсайтын қасиеттерін атады, деп хабарлайды Malim.kz.
Видеода Нұртас Айдарбеков қолына микрофон ұстап, сахнада ұлымен құшақтасады. Ол видеоның сипаттамасында Атырауға не үшін келгенін жазған.
"Жан баламды қолдап, Атырауға келдім."
Гүлзира Айдарбекова осы жазбаның астына ұлына қарата пікір қалдырды. Ол Қайраттың еңбекқорлығы мен қарапайымдылығын әкесіне ұқсатып, екеуіне де амандық тіледі.
"Тараздың екі шеті болады балам, папаңның ер мінезді қаталдығы болмағанымен, 2 ші жағы еңбекқорлығың, қарапайымдылығың мен мейірімге толы жүрегің, жығылып жатсаңда сынып кетпейтінің, бұл ұқсастығың болмағанда 20 жыл праймда жүрмес па едің. Екеуің де аман болыңдар, менің бағыма."
Қайрат Нұртастың шығармашылығының 20 жылдығына арналған "Сахнада 20 жыл" концерті 22 қарашада Атыраудағы Жайық мәдени-спорт кешенінде өтті.
Еске салайық, 21 қарашада Қайрат Нұртасқа "Арман" әні қалай бұйырғанын жазған едік. Әнші оны алғаш рет бірге оқыған Нұржасардың гитарамен орындауынан естіген. Кейін Гүлзира Айдарбекова әннің авторы Бауыржан Есебаевқа хабарласып, туындыны ұлына сұраған.
Нұртас Айдарбеков кім?
Нұртас Айдарбеков – әнші, Қайрат Нұртастың әкесі. Жұбайы Гүлзира Айдарбековамен бірге Қайрат, Аян және Заңғар есімді үш ұл тәрбиелеп өсірген. Нұртас Айдарбеков сұхбаттарының бірінде тоғыз баланың кенжесі екенін, ағалары Алматыдағы консерваторияны бітіргенін айтқан. Өзінің айтуынша, ата-анасы өнерді мамандық ретінде таңдауына рұқсат бермеген.
2015 жылы ол "Жылдар өтсе де" атты алғашқы жеке альбомын шығарды. Жинаққа 15 ән, соның ішінде Қайратпен бірге орындаған дуэті де енді. Альбоммен аттас әннің бейнебаянына жұбайы Гүлзира мен ұлы Қайрат түскен. Нұртас Айдарбеков киноға да түскен. Ол "Өкініш" фильмінде бой көрсетіп, "А+А" мелодрамасында басты рөлдердің бірін сомдаған.
Нұртас Айдарбеков "Qazaqstan" телеарнасының "Әйел бақыты" бағдарламасында үш ұлын да қатал ұстағанын айтқан. Тұңғышы Қайратқа көбірек талап қойғанын еске алып, өнер адамы үшін тәрбие де талант секілді маңызды екенін жеткізген.