Malim.kz
Шоу-бизнес

Екі қызметші, қымбат гауһартас: 20 жастағы Шымкенттік келіннің видеосы талқыға түсті

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: видеодан скриншот \ ЖИ арқылы өңделген

Әлеуметтік желіде өзін Шымкенттің келіні ретінде таныстырған 20 жастағы Азияның видеосы талқыланып жатыр. Ол күнделікті тұрмысын көрсеткенімен, кадрдағы сән-салтанатты өмірге жұрттың бәрі бірдей сене қоймаған, деп хабарлайды Malim.kz.

"Шымкенттік келіннің бір күні" деген видеода Азияның таңы екі үй қызметшісінің күтімімен басталады. Бетперде киген қызметшілер оның ас-ауқатын әзірлеп, жанынан табылады. Ал жас келіннің өзі үй шаруасына араласқаннан гөрі, зәулім шаңырақтың сәні болып жүргендей көрінеді.

Видеода үй ішіндегі аквариумнан сазан алып, асқа дайындайтын сәт те көрсетілген. Сәнді тұрмыс, дайын ас пен ұйқыдан тұрған соң үйге жеткізілетін гауһар әшекейлер көрермендердің назарын аударған.

Алайда кейбір желі қолданушылары мұның бәрі видео үшін арнайы ұйымдастырылған көрініс болуы мүмкін деп есептейді.

"Мұның бәрі контент үшін жасалғанына сенімдімін. Бұл әйелдердің жалақысы лайықты шығар, ал шын өмірде олар таң атқаннан Азияның алдында осылай тұрмайтын болар. Видеоға арналған қойылым, өздеріне де мұндай контентке қатысу қызық болуы мүмкін", – деп жазған пікір қалдырушылардың бірі.

Тағы бір қолданушы көріністі "Қызуы 38,5 болған шымкенттік келіннің түсі ме?" деп әзілге айналдырған.

Ал енді бірі Азия көрсеткен тұрмысқа қызығып, өзге қыздарға да сондай өмір тілеген.

"Барлық қызға осындай өмір тілеймін! Гауһар тастар да үйіне дейін жеткізілсін", – деп жазған көрермен.

Осылайша, жас келіннің видеосы жұртты екі пікірге бөлді: біреулер оны сән-салтанатты өмірдің көрінісі деп қабылдаса, басқалары арнайы түсірілген қойылымға балаған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары