Malim.kz
Шоу-бизнес

"Екі секунд айттық, бірден тоқтатты": SuperStar KZ қатысушылары қазылар алқасының қаталдығына шағымданды

• Мадина Ізекен
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ арқылы өңделген

Қазақстандық танымал "SuperStar KZ" музыкалық мегажобасының жартылай финалистері анықталды. Биыл қатысушыларды тың сынақтар мен күтпеген өзгерістер күтіп тұр. Қазылар алқасының қатаң іріктеуінен өткен 27 өнерпаз жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Malim.kz.

"SuperStar KZ" жобасының осы маусымы бірқатар жаңашылдығымен ерекшеленіп отыр. Соның бірі – қатысушыларға арналған арнайы жаттығу лагері. Бұған дейін тек сахнада кездесетін өнерпаздар енді бір қонақүйде бірге тұрып, алдағы кезеңдерге дайындалуда.

Алайда қатысушылардың барлығы бірдей мұндай өзгеріске дайын болмаған. Кейбірі жаттығу лагерінде қандай сынақтар күтіп тұрғанын білмейтінін жасырмады.

"Жаттығу лагерінде не болатынын, шынымды айтсам, күтіп те тұрған жоқпын. Қазір қалай болады екен деп ойлап тұрмын", – деді қатысушылардың бірі.

Тағы бір өнерпаз алдағы тапсырмалар туралы мүлде түсінігі жоқ екенін айтты.

"Ойымда тұрған жоқ тіпті. Қандай сынақтар болатыны белгісіз", – деді ол.

Ал өзге қатысушы бұған дейін шетелдік музыкалық жобалар мен "SuperStar KZ" байқауының өткен маусымдарын көріп, жаттығу лагерінің ерекшеліктерімен танысқанын жеткізді.

Қатысушылар жаттығу лагеріне келіп, қонақүйге жайғасты. Бейбарыстың айтуынша, бөлмелерге орналастыру кезінде өнерпаздардың жеке таңдауы мен қалауы ескерілмеген.

Ал жоба қатысушысы Азалия Садықова қонақүйге қалай орналасқандарын айтып берді.

"Бізді тұрған жерімізден сен, сен деп кіргізіп алды. Қыстырылып, біз біргеміз деп, сөйтіп бірге келдік", – деді Азалия Садықова.

Жаттығу лагерінде дайындық күндіз-түні жалғасып жатыр. Кешкі уақытта ұйымдастырушылар барлық қатысушыны бір жерге жинап, келесі кезеңде орындайтын әндерін бекіткен. Алайда өнерпаздарды ең күрделі сынақ қазылар алқасының алдында күтіп тұрған.

Бұл жолы қазылар ерекше қаталдық танытқан. Әннің сөзін ұмытып қалған қатысушыларға екінші мүмкіндік берілмей, бірден келесі өнерпаз шақырылған. Тіпті кейбір қатысушыларға әнін соңына дейін орындауға да рұқсат етілмеген.

"Екі секунд айттық, лезде тоқтатып жатыр. Мен түсінбедім. Маған ұнаған жоқ", – деп наразылығын білдірді қатысушылардың бірі.

Ал тағы бір өнерпаз қазылар алқасының алдындағы қобалжудың өнер көрсетуіне кері әсер еткенін мойындады.

"Атмосфера өте қорқынышты. Қорыққаннан, асыққаннан әнді басқа тональносте айтып кеттім", – деді ол.

Осындай күрделі іріктеудің нәтижесінде 27 өнерпаз жартылай финалға өтті.

Енді байқаудың келесі кезеңінде қатысушылардың тағдырын қазылар алқасы емес, көрермендер шешеді. Осы сенбіде алғашқы ондық тікелей эфирде өнер көрсетеді. Дауыс беру нәтижесінде олардың екеуі финалға жолдама алады.

Сонымен қатар келесі шығарылымда "алтын жолдаманы" жеңіп алған өнерпаздар да додаға қосылады. Бұл байқаудағы бәсекені одан әрі күшейтпек.

Мадина Ізекен
Автордың басқа материалдары