Malim.kz
Шоу-бизнес

"Екінші рет те қорықтым": әнші Луина ұлды болды

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Қазақстандық әнші Луина екінші рет ана атанды. Өнер иесі 16 қазан күні сағат 09:06-да ұл босанғанын айтып, қуанышты жаңалығын Instagram парақшасында бөлісті. Ерлі-зайыпты сәбиге Дени есімін қойған, деп хабарлайды Malim.kz.

Әнші босану сәтінен кадрлар жариялап, осы жолғы сезімі мен толқынысын жазды. Оның айтуынша, алты жыл бұрын өзін алғаш ана атандырған дәрігерлер тобы екінші сәбиінің де дүниеге келуіне көмектескен. Дегенмен бұрын босанғаны қорқынышын сейілтпеген.

"Бұл жолдан бұрын өткен сияқтымын. Алты жыл бұрын дәл осы дәрігерлер тобымен алғаш рет ана атандым. Бірақ екінші рет те қорқыныш аз болмайды екен. Бәлкім, одан да көбірек шығар. Өйткені өмір сыйлаудың қандай ғажап екенін, бұл сәттің қаншалықты нәзік болатынын түсінесің. Қатты уайымдадым. Қорықтым", – деп жазды Луина.

Өнер иесі бұл жолы әр сәтті терең сезініп, сәбиінің дүниеге келуін зор ризашылықпен қабылдағанын жеткізді. Жазбасында босану кезінде жанынан табылған жұбайына да ерекше алғыс айтты.

"Оның қатысуынсыз, сабырлылығы мен қолдауынсыз маған қаншалықты қиын боларын білмеймін. Осындай сәттерде жаныңда өз адамыңның болуы қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Сүйіктім, осы жолдан бірге өткеніміз үшін рақмет. Жанымда болып, ұлымызды алғаш қарсы алғаның үшін рақмет", – деді әнші.

Луина сәбиінің өмірге келгеніне бір тәулік қана өтсе де, отбасын өлшеусіз махаббатқа бөлегенін жазды. Сондай-ақ құттықтау жолдап, қуанышына ортақтасқан көпшілікке ризашылығын білдірді.

“Енді біздің екі ұлымыз бар. Бойымыздан тыс өмір сүретін екі жүрегіміз. Екі ең үлкен махаббатымыз. Мен бақыттымын. Ризамын. Оның алғашқы дауысын есту, алғаш кездесу, алғаш қол тигізу үшін барлық қорқынышымнан қайта өтер едім", – деп бөлісті өнер иесі.

Луина мен жұбайы Артемнің тұңғыш ұлы Давид 2020 жылы дүниеге келген. Енді олардың отбасы тағы бір ұлмен толықты.

Луина кім?

Луина – қазақстандық эстрада әншісі. Оның шын есімі – Луиза, тұрмысқа шыққанға дейінгі тегі – Каринбаева. Өнер иесі 1987 жылғы 25 мамырда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Мектептен кейін Астраханда қаржы саласы бойынша оқуға түскенімен, әнші болуды армандаған.

Ол көпшілікке Luina сахналық есімімен танылды. Тыңдарманға таныс әндерінің қатарында "Кешір мені", "Жаным", "Аэропорт" және "Hey Yo" бар. Әнші қазақ және орыс тілдерінде ән орындайды. Шығармашылық жолында Cosmopolitan журналының “Жыл әншісі” атағына ие болған.

2015 жылы Түркияда өткен 'Rising Star Türkiye"музыкалық байқауына қатысқан. Байқауда Бейонсенің “Halo” әнін орындап, келесі кезеңге өткен.

Луинаның жұбайы – Артем Обухов. Ерлі-зайыптының тұңғыш баласы 2020 жылы дүниеге келген.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары