Танымал Ninety One тобының мүшесі Alem лақап атымен белгілі Батырхан Мәліков екінші рет әке атануға дайындалып жүр. Әнші мен оның жары Gender party ұйымдастырып, болашақ сәбилерінің жынысын көпшілікке жария етті, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі мен жұбайы Вероника Жанғалова екінші сәбилерінің дүниеге келуін асыға күтіп жүр. Осы қуанышқа орай ерлі-зайыпты болашақ баланың жынысын анықтауға арналған Gender party кешін өткізген.
Белгілі болғандай, жұлдызды жұптың отбасында тағы бір ұл бала дүниеге келеді. Осылайша, Alem мен Вероника екі ұлдың ата-анасы атанбақ.
Айта кетейік, ерлі-зайыптылардың тұңғышы да ұл. 2024 жылдың қыркүйегінде дүниеге келген сәбиге Тай есімі берілген. Енді кішкентай Тайдың інісі болады.
Alem деген кім?
Alem – қазақстандық танымал Ninety One тобының әншісі. Шын есімі – Батырхан Абайұлы Мәліков. Ол 1993 жылы 18 ақпанда Өзбекстанның Үшқұдық қаласында дүниеге келген.
Өнер иесі көпшілікке Q-pop жанрындағы Ninety One тобы арқылы танылды. Аталған ұжым 2015 жылы құрылып, қазақстандық музыка индустриясына жаңа бағыт алып келді.
Батырхан Мәліков бұған дейін "Қазақстан дауысы" жобасының финалына, "X-фактор" байқауының жартылай финалына дейін жеткен.
Әншінің жары – блогер әрі модель Вероника Жанғалова. Ерлі-зайыпты 2024 жылы тұңғыш ұлдары Тайдың дүниеге келуімен алғаш рет ата-ана атанды. Енді отбасы екінші ұлын күтіп жүр.