Malim.kz
Экономика

Экономикалық патриотизм бар. Тек отандық сүт өнімін ажырату қиын

Ереке Базарқұл
ФОТО: ©egemen.kz

Ұлттық талдау орталығы (ҰТО) 2025 жылғы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен инфляцияға әсер еткен негізгі факторларға шолу ұсынды. Бұл туралы malim.kz тілшісі хабарлайды.

Жыл қорытындысы бойынша жылдық инфляция деңгейі 12,3%-ды құрады. Инфляцияның өсуіне ең көп үлес қосқан салалар — азық-түлік өнімдері (+5,2 пайыздық тармақ), денсаулық сақтау (+1,5 п.т.) және тұрғын үй-коммуналдық қызметтер (+1,2 п.т.).

Расул Рысмамбетов, Ұлттық Талдау Орталығының басқарма төрағасы. Фото: ©malim.kz

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18,0% деңгейінде (±1 п.т. дәлізімен) сақтап қалды. Қаңтар–қараша айлары аралығында негізгі капиталға салынған инвестициялар жылдық есеппен 13,3%-ға өсті. Қаржыландыру құрылымы келесідей болып отыр: 62,7% — кәсіпорындардың меншікті қаражаты, 22,6% — бюджет қаражаты, 4,3% — банк несиелері, 10,4% — өзге де қарыз қаражаттары.

ҰТО бағаның өсуі көбіне сыртқы факторларға байланысты екенін атап өтті. Олардың қатарында импорт арқылы келетін азық-түлік инфляциясы, әлемдік бағалардың өзгеруі және рубль бағамының ауытқуы арқылы әсер ететін валюталық арна бар. Ішкі себептердің арасында жеткізу тізбегіндегі өнімсіз делдалдардың болуы мен транзакциялық шығындарды арттыратын «көлеңкелі» айналымдар көрсетілді.

Презентацияның жеке бөлімі «экономикалық патриотизм» ұғымына — отандық тауарларды саналы түрде таңдауға арналды. Бұл тақырып сүт өнімдері саласының мысалында қарастырылды.

Салтанат Джаненова, Орталық Азия бойынша мемлекеттік басқару және мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясат орталығының директоры. Фото: ©malim.kz

Сауалнама нәтижелері тұтынушылардың жергілікті өнімге сенімі жоғары екенін көрсетті, алайда респонденттердің 27%-ы қазақстандық сүт өнімдерін импорттық өнімдерден ажыратуда қиындық көретінін айтқан. Ұсыныстар қатарында «Қазақстанда жасалған» таңбалауын күшейту, дәм таттыру шаралары мен промо-науқандарды дамыту, сондай-ақ импорттық және отандық өнімге сапаны бақылауда тең талап қою ұсынылды.

Экономикалық патриотизмді дамыту — мемлекеттік органдардың, бизнестің, салалық қауымдастықтардың, сонымен бірге супермаркеттердің, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамның бірлескен жұмысы екені атап өтілді.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары