Malim.kz
Құқық

Экс-судья Айгүл Сайлыбаева ісі: күдіктілер Ресейде ұсталды

Айбын Атабай
instagram/justice_for_aigul

ҚР Сыртқы істер министрлігі Германияда қаза тапқан қазақстандық, бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты тергеу барысы жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды Malim.kz Newtimes.kz сайтына сілтеп. 

Ведомство хабарлауынша, Қазақстанның Германиядағы елшілігі бұл іс бойынша Германия Сыртқы істер министрлігімен және Гессен федералдық жерінің құзырлы органдарымен тұрақты байланыста жұмыс жүргізіп келеді.

СІМ мәліметіне сәйкес, Қазақстан құқық қорғау органдарының сұрауы негізінде Ресейдің Мәскеу қаласындағы қылмыстық іздестіру қызметкерлері Александр Донцов пен Наталья Донцованы ұстаған. Бұған дейін олар Германия құқық қорғау органдары тарапынан халықаралық іздеуге, ал Қазақстан ІІМ желісі бойынша мемлекетаралық іздеуге жарияланған болатын.

Алайда күдіктілердің екеуі де Ресей азаматтары болғандықтан, оларды Қазақстанға экстрадициялау мүмкін емес. Ресей тарапы бұл туралы Қазақстанды алдын ала хабардар еткен.

Қазіргі уақытта Ресейдің құқық қорғау органдары өз аумағында қылмыстық іс қозғау үшін Қазақстан тарапынан ресми сұрау күтуде. Бұл тергеу әрекеттерін бастауға құқықтық негіз болады.

Сонымен қатар марқұмның әкесі Бақытжан Сайлыбаев Ресей Федерациясының Тергеу комитетіне күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғау жөнінде өтініш жолдауды сұраған. Осыған байланысты Қазақстанның Ресейдегі елшілігі 2026 жылғы 5 мамырда Ресей СІМ-іне ресми нота жолдаған.

Қазақстан тарапы аталған мәселені жедел қараудың маңыздылығын атап өтіп, Ресейден жауапты мүмкіндігінше тезірек беруді сұраған. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл іс Қазақстан елшілігінің тұрақты бақылауында тұр.

Айгүл Сайлыбаева қалай қаза тапты?

Қазақстан азаматы, бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаева бірнеше жыл бойы Германияда жұбайымен, қызымен және енесімен бірге тұрған. Ол 2024 жылғы 4 маусымда із-түзсіз жоғалып кеткен.

Бір аптадан кейін полиция мен еріктілер оның мәйітін көл маңынан шабадан ішінен тапқан. Тергеу деректеріне сәйкес, әйелдің денесінде көптеген пышақ жарақаты болған.

Қайғылы оқиға кезінде Айгүлдің жүкті болғаны анықталған.

Тергеу барысында марқұм тұрған пәтерден қан іздерінің өшірілген белгілері мен қылмыс құралы болуы мүмкін зат табылған. Онда Наталья Донцованың іздері анықталғаны хабарланды.

Сондай-ақ тергеу материалдарына сәйкес, Айгүл жоғалар алдында оның енесі Наталья Донцова немересін балабақшадан алып кеткен. Кейін сол арбадан қанға боялған күрте табылған. Бұдан бөлек, Александр Донцовтың интернеттен Германияның кісі өлтіру және қылмысты жасыруға қатысты заңдарын қарағаны, ал Наталья Донцованың көл маңына барғаны анықталған.

Айгүлдің және оның қызының құжаттары Александр Донцовтың туыстары тұратын пәтерден табылған. Әйелдің төлқұжаты тек екінші тінту кезінде анықталған.

2025 жылдың қарашасында Қазақстан ІІМ Айгүл Сайлыбаеваға қатысты азаптау фактісі бойынша тергеу бастап, Александр және Наталья Донцовтарды халықаралық іздеуге жариялаған болатын.

Қазіргі таңда күдіктілер Ресейде ұсталғанымен, олардың Ресей азаматтығына байланысты Қазақстанға берілу мәселесі қарастырылмайды.

Тергеудің ары қарайғы тағдыры Ресей аумағында қылмыстық іс қозғалуына байланысты болмақ. Бұған дейін көз жұмған экс-судья ісін Ресей жүргізуі мүмкін екенін жазғанбыз. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары