Malim.kz
Саясат

Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды – Тоқаев

Арман Қайыпхан
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ауқымды конституциялық өзгерістер кезеңі басталды, деп хабарлайды Malim.kz.

«Қазір Қазақстанда түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Оны баршаңыз жақсы білесіздер.

Бәріміз бір ел болып Конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бұл реформаның тарихи мән-мағынасы ерекше. Оның ел дамуына тигізетін ықпалы аса күшті боларына күмән жоқ.

Соған байланысты шет елдердің басшылары, саясаткерлер және сарапшылар біздің Конституциялық реформаға аса зор ықыласпен қарап отырды. Олар Қазақстан конституциялық реформаға жаңаша көзқараспен қарап, кең ауқымды өзгерістер жасағанын, еліміз Конституцияның мән-мазмұнын өзгертіп, мүлде жаңа тұрпатты ел болғанын айтып жатыр.

Жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз еліміздің жарқын болашағы үшін, яғни, жас ұрпақтарымыз үшін тарихи таңдауын жасады. Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды.

Конституция – мемлекетіміздің болашағына бағдар болатын, ұлттық мақсат-мұратымызды айқындайтын аса маңызды құжат, темірқазық. Мұны да ақиқат ретінде бүкіл дүние жүзіндегі қауымдастық мойындап жатыр».

Президент қол қойған Жарлыққа сәйкес, Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал референдум өткен 15 наурыз күні Конституция күні ретінде мемлекеттік мереке болып белгіленеді. Мемлекет басшысы жаңа Ата заң ең алдымен өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданғанын атап өтті.

Сондай-ақ Президент жастардың ел болашағындағы рөліне ерекше тоқталып, олардың белсенділігі мен жауапкершілігін жоғары бағалады. Оның пікірінше, Қазақстанның дамуына нақты үлес қосатын – білімді, отаншыл және еңбекқор жас буын.

Мемлекет басшысы отаншылдықтың мәні нақты іспен дәлелденетінін айтып, қоғамға бос ұран емес, нақты нәтиже қажет екенін жеткізді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары