Malim.kz
Спорт

Елена Рыбакина екі бірдей әлемдік рейтингте көш бастады

• Мадияр Қапанбек
Елена Рыбакина. Фото: Matthew Stockman/Getty Images for WTA

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина теннистен тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді. Отандасымыз Tennis Abstract порталы жариялаған екі бірдей рейтингте көш бастап, әлемнің үздік теннисшісі атанды, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазақстандық теннисші 2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша маусымдық yElo және жалпы Elo рейтингтерінде бірінші орынға жайғасты. Атап айтқанда, yElo рейтингінде Рыбакина 2166,8 ұпай жинап, қарсыластарынан озып кетті. Екінші орынға ресейлік Мирра Андреева 2146,1 ұпаймен орналасса, үшінші сатыға америкалық Кори Гауфф 2144,0 ұпаймен тұрақтады.

Ал теннисшілердің ойын деңгейі мен қарсыластарының күшін ескеретін жалпы Elo рейтингінде де қазақстандық спортшы үздік атанды. Бұл тізімде Рыбакина 2159,2 ұпай жинаған. Екінші орында Беларусь өкілі Арина Соболенко (2139,0), ал үшінші орында америкалық Кори Гауфф (2128,2) тұр.

Айта кетейік, Elo – спортшылардың нәтижесін қарсыластарының деңгейін ескере отырып бағалайтын статистикалық жүйе. Ал yElo көрсеткіші теннисшілердің нақты бір маусымдағы өнерін салыстыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) 16 қарашада жаңартылған әлемдік рейтингті жариялаған болатын. Ресми тізімде Елена Рыбакина 8099 ұпаймен бірінші орнын сақтап қалды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары