Malim.kz
Спорт

Елена Рыбакина Италиядағы ірі турнирдің ширек финалында жеңіліп қалды

Сабина Асқарқызы
internazionalibnlditalia.com

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Италияның астанасында өтіп жатқан Italian Open турнирінің ширек финалында жеңіліс тапты, деп хабарлайды Malim.kz.

Әлемнің екінші ракеткасы саналатын қазақстандық теннисші жартылай финал жолдамасы үшін әлемдік рейтингте 10-орында тұрған украиналық Элина Свитолинамен кортқа шықты.

Үш сетке созылған тартысты кездесуде Свитолина камбэк жасап, 2:6, 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Матч 2 сағат 25 минутқа жалғасты. Рыбакина ойын барысында 20 брейк-пойнттың тек төртеуін ғана сәтті пайдаланды. Сонымен қатар ол жеті эйс жасап, бес рет қос қателік жіберді.

Ал Свитолина бір эйс орындап, бес қос қателікке жол берді және 13 брейк-пойнттың төртеуін ұпайға айналдырды.

Осы кездесуден кейін теннисшілер арасындағы жеке матчтар есебі 4:4 болып теңесті.

Енді Элина Свитолина жартылай финалда әлемнің үшінші ракеткасы Ига Швёнтекпен кездеседі.

Айта кетейік, Рыбакина турнирді екінші айналымнан бастаған еді. Бұған дейін ол Мария Саккари, Александра Эала және Каролина Плишкованы сенімді түрде жеңген болатын.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары