Malim.kz
Оқиға

Еліміз бойынша 100-ден астам клиника жабылды

Сабина Асқарқызы
Ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов Қазақстандағы стоматологиялық клиникаларды тексеру жұмыстарының нәтижесі туралы айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Сенат кулуарында сөз сөйлеген Бауыржан Жүсіпов тексерістерден кейін ел бойынша 100-ден астам стоматологиялық клиника лицензиясын өз еркімен қайтарғанын мәлімдеді.

«Тексерулер жүргізілді. Жалпы алғанда 500-ге жуық тексеру аяқталды. 104 стоматологиялық клиника лицензиясын өз еркімен қайтарып, жұмысын тоқтатты. Ал 38 клиника бойынша материалдар сот органдарына жолданды.  Қолданыстағы заңнамаға сәйкес лицензияны қайтарып алу екі жолмен жүзеге асады: меншік иесінің өз шешімімен немесе сот шешімі арқылы», - деді Бауыржан Жүсіпов.

Сонымен қатар ол жабылған стоматологиялық мекемелердің нақты қай өңірлерде орналасқанын айтуға қиналды. Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі тексерілген 313 стоматологиялық мекеменің 143-і өз еркімен қызметін тоқтату туралы шешім қабылдағанын хабарлаған болатын.

Еске салсақ, Астанадағы жекеменшік клиникалардың бірінде кішкентай қыз бала стоматологиялық креслода көз жұмған еді. Ол наркоздан кейін оянбаған. Осы іске байланысты сот отырысында дәрігерлер қыздың бір мезетте 18 тісін емдеген сәті түсірілген бейнежазба көрсетілді.

Анестезиолог өз кінәсін мойындамай, болған жағдайда қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтқан. Кейін оған қатысты сот үкімі шықты.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары