Malim.kz
Экономика

Елімізде газ бағасы қымбаттай ма?

Сабина Асқарқызы
Ашық дереккөзден

Қазақстанда газдың көтерме бағасын тағы да көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет кулуарында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда елдегі расталған газ қорының жағдайы көңіл көншітпейді. Ал қолданыстағы көтерме бағалар жеке компанияларға газ өндірумен айналысуға тиімді болмай отыр.

«Біз газ бағасын әлі де көтеруді жоспарлап отырмыз. Себебі қазіргі көтерме бағамен жеке инвесторлар газ кен орындарын игеруге қызығушылық танытпайды. Бұл оларға тиімсіз. Соның салдарынан біз газ қорын игеру деңгейі жоғары елдердің қатарына кірмейміз. Баға - инвесторлар үшін басты ынталандыру тетігі», - деді министр.

Оның сөзінше, билік инвесторларды тарту үшін газдың көтерме бағасын тағы көтеруге мәжбүр болады. Әйтпесе, Қазақстан газды сырттан импорттауға тәуелді болып қалуы мүмкін.

«Егер өзіміз өндірмесек, газды импорттаймыз. Ал бізге газ сататын елдер Қазақстанның әлеуметтік саясатын ескермейді. Сондықтан халықты қолжетімді бағамен газбен қамтамасыз ету үшін оны өзіміз тауып, өндіріп, жеткізуіміз қажет. Ал ол үшін көтерме бағаны арттыру керек», - деді Серік Жұманғарин.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары